Жамбылда халықаралық қызғалдақ фестивалі өтті

Жамбылдық қолөнершілер елдегі ең үлкен кілемді тоқып Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Көлемі 200 шарты метр болатын қолөнер бұйымы қызғалдақ фестивалінде көпшілікке ұсынылды. Талас ауданындағы Қаратау тауында өткен шараға 8 елден туристер келді.

Халықаралық фестивальге 5 мың адам қатысты. Оның 400-ден астамы – шетелдік турист. Олар қызғалдақтың отанын көзімен көріп, киіз үйлер ауылында қонақ болды. Жалпы Жамбыл жерінде қызғалдақтың 18 түрі өссе, оның 10-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енген. «Сондықтан аймақта экотуризмнің келешегі зор», – дейді облыс басшылығы.

Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:

- Өткен жылы облысқа 200 мыңға жуық туристер келіп, 2023 жылмен салыстырғанда 27% артып отыр. Облыс аумағында 40 негізгі туристік нысан бойынша 10 жаңа туристік маршрут әзірленді. Осы орайда нысандарға инфрақұрылым жүргізу жұмыстары қолға алынып жатыр. Биыл заман талабына сай 3 туристік демалыс аумағы ашылатын болады.

Фестивальде 100 қолөнершінің қолынан шыққан алып кілем көрсетілді. Ісмерлер киіз басудың дәстүрлі ылғалды әдісін қолданып, жергілікті табиғи шикізатты пайдаланған. Олар 200 шаршы метрлік бұйымды жасауға 3 ай уақыт жұмсады. Шара аясында туристер қызғалдақ алқабына барып, алқызыл алаңды тамашалады.

Иылдырай Гончар, турист:

- Қызғалдақтың әлемге дәл осы Жамбыл жерінен тарағанын білемін. Бұл біздің атажұртымыз болғандықтан, тарихпен танысуға осы әсем табиғатты өз көзімізбен көруге келдік. Қажет болса, қаржылай қолдау көрсетіп, әлемге танытуға ниеттімін.

Шара аясында этноауылда «қымызмұрындық» рәсімі болды. Бие сауушылар арасында жарыс өтіп, «қазық қағу», «бие байлау» дәстүрлері дәріптелді. «Қымыз ашыту» бойынша шеберлік сағаты өтті. Сонымен қоса ұлттық спорт түрлерінен жарыстар болып, қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә