«Әлия» қойылымы көрерменге жаңа форматта ұсынылды
Батыр Әлия Молдағұлованың жауынгерлік жолынан, ерлік тарихынан сыр шерткен «Әлия» спектаклі көрерменге жаңа форматта жол тартты, деп хабарлайды 24KZ. Максим Горький атындағы орыс драма театрының репертуарындағы қойылымға Ұлттық гвардия оркестрі сүйемелдеу көрсетіп, Әскери хор соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.
Сценарий авторлары – жазушы Қанат Жүнісов пен режиссер Игорь Седин. Спектакль алғаш екі жыл бұрын көрермен назарына ұсынылған еді. Ал биыл Жеңістің 80 жылдығы және Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Ұлттық гвардия өнерпаздары да атсалысуды жөн көрген. Дайындық жұмыстары бір жарым айға созылды. Зал толы көрермен, театр артистері мен әскерилердің шығармашылық одағынан туған қойылымды жоғары бағалады.
Игорь Седин, қоюшы режиссер:
- 18-ге енді толған жас бойжеткен өзінің өмірін Отан қорғауға арнағаны өте үлкен ерлік деп білемін. Қазіргі жастарға батыр өмірін өнеге етуге, спектакль арқылы олардың бойына отансүйгіштік, патриотизм рухын сіңіруге тырыстық. Батырларымызды насихаттауды күшейте беру керек деп санаймын. Кейінгі кезде спектакльге келетін жас көрермен көбейіп келеді.
Мөлдір Нәлібаева, ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясы баспасөз қызметінің өкілі:
- Театр өнеріне қатысты бірінші туынды емес. Бұған дейін біз өзіміздің ансамбльдің шығармашылық тобының көмегімен «Алпамыс батыр» қойылымын ұсынған болатынбыз елордалықтарға. Кейіннен, дәлірек айтсақ, 2024 жылы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай «Жеңіс жалауы» деген спектакліміз дүниеге келген. Мынаны осы саладағы үшінші туынды деуге болады.