Қызылордада «Тақиямен жүгіру» сайысы өтті
Қызылордада алғаш рет ұйымдастырылған «Тақиямен жүгіру» сайысына қала тұрғындарымен қатар түрлі этнос өкілдері де қатысты.
Арбат алаңында бастау алған ерекше сайысқа қатысушылар ұлттық бас киім киіп, белгіленген қашықтықты жүгіріп өтті. Жарыс 500 метрден 1 шақырымға дейінгі аралықта ұйымдастырылып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара соңында барлық қатысушы мен жеңімпаздар марапатталды. Ұлттық мәдениет пен салауатты өмір салтын ұштастырған ерекше бастама алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналады, дейді ұйымдастырушылар.
Ғалия Гизатуллина, татар этномәдени орталығының жетекшісі:
- Біз осы марафон арқылы барша қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тартсақ дейміз. Өйткені жүгіру бұл спорт, ал спорт – денсаулық кепілі. Марафонды жыл сайын ұйымдастырып тұрамыз. Сайысқа түрлі ұлт өкілдері қатысуда. Олар бір-біріне жақсы қолдау білдіріп жатыр. Сондықтан бұл марафон тек жүгіріп жарысу ғана емес, ұлттар достастығының жарқын көрінісі болғандай.