Атырауда Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі пленумы өтті
Атырауда Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі пленумы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Еліміздің әр өңірінен келген қаламгерлер «Жұмысшы мамандықтар жылының» мән-маңызы мен еліміздегі еңбек адамдарын насихаттау мәселелеріне тоқталды.
«Еңбекқор әрі нағыз мамандарды даярлау ісінде әдебиеттің де алар орны ерекше», – дейді қаламгерлер. Көшпелі отырыста соңғы жылдары еңбек адамдарын насихаттайтын әдеби шығармалардың жазылмағаны да айтылды. Алқалы жиында өңір кәсіпкерлерінің қатысуымен әдеби аукцион өткізілді. Аукционның ережесіне сәйкес облысқа белгілі 10 қаламгер жұмысшы мамандықтар мен еңбек адамдары туралы тың дүние жазуы керек. Кейін кәсіпкерлер авторларға қаламақы төлейді. Осылайша ақын-жазушыларға қолдау көрсетіп қана қоймай, әдебиет қоржынын жаңа шығармалармен толықтыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ертең, 15 мамыр «Махамбет Өтемісұлының поэзиясы» күніне орай әдеби кеш өтеді. Елге белгілі 2 қаламгерге «Махамбет атындағы сыйлық» табысталады.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:
- Жұмысшы мамандықтардың, еңбек адамдары туралы көркем шығармалардың азайып кеткенін мойындап және соны қалпына келтіруді қолға алып жатырмыз. Оның ең басты жаңалығы – «Сөз сыбаға» деген аукцион өткізу. Яғни біздің өндіріс адамдары, еңбек адамдары меценат болып, жазушыларға тапсырыс беріп, жаңа шығармалар жаздырады. Соны жүзеге асырсақ, біздің үлкен нәтижеге жеткеніміз деп есептейміз.