Алматыда «Музей түні» акциясы өтті

Алматыда Халықаралық музейлер күніне арналған дәстүрлі «Музей түні» акциясы өтті, деп хабарлайды 24kz.

Жиырмасынша рет өткен шара ашық аспан астында түрлі тарихи, мәдени, рухани бағыттарды қамтыды. Көпшілік музей қорында бұрын ұсынылмаған құнды жәдігерлер мен тарихи жауһарларды көруге мүмкіндік алды.

«Музей түнінде» алты бірдей көрменің тұсауы кесілді. Музей қорындағы сирек хаттар негізінде дайындалған  «Хат жазып тұр...» көрмесінде әр дәуірдегі хат алмасу үлгілері, пошта маркалары, ашықхаттар, конверттер ұсынылды. Морзе аппараты, жазу машинкасы секілді құралдар алдыңғы буын үшін өткеннің естелігі болса, кейінгі ұрпақ таңдана қарайтын жәдігерлер қатарында. Көрмеде Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов сияқты зиялы тұлғалардың түпнұсқа және көшірме хаттары көпшілік назарына ұсынылады. Ал, «Жауһар жәдігерлер» көрмесінде музейдің тұрақты экспозициясынан тыс сақталған, ерекше құнды, әрі бірегей экспонаттар қойылды.

Шараның музыкалық бағдарламасы да ерекше. Келушілер назарына Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалдық музей-үйі мен Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейі өз жәдігерлерін ұсынды. «Сирек кездесетін қияқты саз аспаптарының мемлекеттік коллекциясынан»  классикалық музыка концерті өтт.

Қайрат Тарыбай, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің бөлім жетекшісі:

- Бұл дегеніміз, XVII-XVIII ғасырда жасалған Страдивари, Гварнери секілді шеберлердің инструменттерін көріп қана қоймай, олардың бұрын дыбысын да тыңдай аласыздар.

«Өнердің сиқырлы күші» көрмесі қолөнер шеберлерінің туындыларына арналды. Сондай-ақ «Саусақ ұшындағы сұлулық» көрмесі инклюзивті бағытты қамтыды. Қазақстандық суретшілер мен мүсіншілердің мерейтойлық көрмесі де ерекше көз тарта.

Ескен Сергебаев, мүсінші, мемлекеттік сыйлық лауреаты:

- Әл-Фарабидің бірінші варианты, 1977 жылы жылы всесоюзный конкурсты ұтып алғанмын. Ескерткіш болды, Алматыдан ұттым. Осы Алматыда барлық ғимараттың, үлкен ғимараттардың салынғанын өз көзіммен көргенмін. Ол ғимаратты салған Димаш Ахметович Қонаев. Біздің республикамыз сол кісінің кезінде өте үлкен мәдениет көтерілді. Осы ғимарат, алдымызда тұрған үкімет үйі, соны салған, Қастеев музейін де сол кісінң кезінде салынған.

«Ерлік пен елдік – егіз» тақырыбы «Музей түнінің» негізгі бағытының бірі. Жеңістің 80 жылдығына орай Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің студенттері театрландырылған қойылым ұсынды. Мәдени шарада музейдің кішкентай қонақтары да ескерусіз қалмады. «Батырмен аттас балақай» акциясы аясында кішкентай Бауыржандар мен Рахымжандар сыйлыққа ие болды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов