Мансұр Құдайберген Астанада өнер көрсетті

Әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің інісі Астанада шығармашылық кешін өткізді, деп хабарлайды 24KZ. Талантты жас мультиаспапшы Мансұр Құдайберген ерекше музыкалық стилі арқылы тыңдарманды баурап алды.

Ол концертті Ренат Гайсиннің әуенімен бастап, одан кейін ағасы Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы шығармалардың аспаптық нұсқаларын нақышына келтіре орындады. Кеште көптеген халықаралық байқаудың, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, домбырашылар Ернат пен Темірлан әлемдік композиторлардың композициясымен қатар топтың авторлық күйлерін шертті. Сонымен қатар  атақты «Бірлік» және «Гүлдер» ұжымының әсем хореографиялық қойылымдары сахнада ерекше сән берді. Виртуоздық күй тартысының финалында Ернат пен Темірланға «Мұрагер» қазақ халық аспаптар ансамблінің 25 домбырашысы қосылып, тамаша туындылар орындады. Кеш соңында Ернат пен Темірлан және Мансұр үшеуі домбырада «Адай» күйін күмдірлете тартып, көрерменге әдемі көңіл күй сыйлады.

Сазды шараны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген тамашалап, ілтипат білдірді. Министр концерттің жоғары деңгейде өткенін айтып, әртістердің қазақтың музыка мәдениетін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.