Биыл мемлекет қаражатына 17 фильм түсіріледі

Соңғы 6 жылда елде мемлекеттік қаражатқа 117 киножоба таспаланған.

Нақтырақ айтсақ, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» көмегімен 72 көркем фильм, 37 деректі және  8 анимациялық туынды түсіріліпті. Жақында Мемлекет басшысы кино саласына қатысты мәселелерге арнайы тоқталып, қазақ киносының дамуы үшін сапалы, көркемдік деңгейі жоғары туындыларды көбейту қажеттігін атап өтті.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен фильм түсірсем дейтін шығармашылық топтар жеткілікті. Биыл жаңартылған талап бойынша жарияланған конкурсқа 444 өтінім түсіп, 128 жоба іріктеліп алынған. Айта кетейік, бүгінде киногерлер екі кезеңнен тұратын қатаң іріктеуден өтуі керек. Әуелі сценарийге мұқият мән беріледі.  

Әділет Омаров, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Келесі кезең – киножобалардың ашық қорғауы болып табылады. Ашық қорғау біздің әлеуметтік желілерде ютуб желсінде, біздің сайтта тікелей эфирде жүреді. Ол жерде киножобаның авторлары келіп, сараптама кеңесінің алдында өзінің жобаларын қорғайтын болады. Одан кейінгі кезең бізде ведомствоаралық комиссия.

Мемлекеттің қаржылай көмегімен бұған дейін 117 фильм түсірілді. Оның ішінде «Дос-Мұқасан», «Патриоттар уақыты», «Бүркіт» сынды картиналар көрерменнің ықыласына бөленді. 

Былтыр «Алматы, мен сені сүйемін», «Қажымұқан», «Жамбыл. Жаңа дәуір» сияқты туындылар үлкен экранға жол тартты. Дегенмен кейбір авторлар өз туындыларын прокатқа шығаруға асығар емес. Ал мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің кассалық жинағын ұлғайту үшін жарнама жағына көп көңіл бөлу керек, дейді киносыншы Жанкелді Өмірәлиев.

Жанкелді Өмірәлиев, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі:

- Мемлекеттік қаражатқа түсірілетін фильмдердің басты мақсаты ол – табыс табу емес, ол мына индустрияны дамыту. Бізде егер мемлекеттің қаражатына түсірілген фильмдер болмаса, тек жеке компаниялар түсірген фильмдер болса, онда бәрі комедия болып кетуші еді. Олар прокатқа жаңашылдық енгізеді, әртүрлі жаңағы атыс-шабыс, тарихи фильмдер, драма секілді соның бәрі тек мемлекеттің қаражатына түсіріліп жатқан фильмдер.

Ұлттық киноны қолдау осы жылы да жалғасады. Биыл 17 жаңа фильм түсіріледі екен. Оның қатарында әлеуметтік, анимациялық және дебюттік фильмдер бар. Мысалы, «Кенжем қайда?» отбасы құндылығын, «Ақжелең» махаббат пен аналарға деген құрметті суреттейді. «38» фильмі орманшылар жайлы алғашқы кинокартина болмақ.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев