Мәдениет саласы қызметкерлері арасында байқау өтіп жатыр

Елде музей, кітапхана және мәдениет-демалыс орталықтарының үздік қызметкерлері анықталып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл байқау Мәдениет қызметкерлері күні қарсаңында бастау алған дәстүрлі «Рухани қазына» республикалық фестивалі аясында өткізіліп жатыр. Биыл конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 165 сала өкілі қатысуға ниет білдірген. Олар өз тәжірибесін ортаға салып, атқарған жұмысын таныстырады. Жүзден жүйрік шыққандар ақшалай сыйлықтармен марапатталып, үздік мәдениет мекемелеріне қаржылай қолдау көрсетілмек. Байқауға Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрындық болды.

Жамбыл облысынан келген Ақмарал Хайтбаева өз ауылында мәдениет үйінінің ашылуына үлес қосқан жан. Бұған дейін 6 мың адам тұратын елді мекенде жергілікті халық бос уақытын өткізетін бірде-бір орын болмаған. Енді «Рухани қазына» фестивалі аясындағы байқауда бұл жұмыстар қалай жүргізілгендігін айтып бермек.

Ақмарал Хайтбаева, мәдениет үйінің меңгерушісі:

- 2021 жылы ауылымызда мәдениет үйі жоқ болатын. Мен өзімнің күшіммен ауылға мәдение үйінің орнына жекеменшік би үйірмесін аштым. Ең алғашқы балаларды, 30-ға жуық балалар жинала бастады. 2022 жылы ауылымызда мәдениет үйі ашылды. Ол менің жұмысымды, балалардың жетістігін алға қарай жетелеуге үлкен септігін тигізді.

Елді мекендерде мәдени өмірдің жаңғыруы ауылдарының қайта түлеп, жандануымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазір ауылдарға жастар көптеп келіп, мәдени орындар ашылып жатыр. Ал қызметкерлерді ынталандыру мақсатында республика деңгейінде осындай конкурстар жиі өткізіліп тұрады. Биыл бұл байқауға 165 өтінім келіп түскен. Оның 50-і мәдени-демалыс ұйымдары тарапынан болды.

Қуанышбек Төлеген, ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі:

- Бізге өте қиынға түсіп жатыр. Өйткені осы жылы фестивальдің шарттары өзгеріп, әр номинацияда бір ғана адам жеңімпаз, яғни үздіктердің үздігін ғана таңдап жатырмыз. Сондықтан да өте қиын. Сахнада олар өздерінің презентацияларын әкеледі. Осы жылы және осы жылға дейін жасалған жұмыстарын, бағыт-бағдарларын, креативті көзқарастарымен ауылды, аудандарда, облыстарда өзгерістер енгізіп жатыр. Қандай шетелдерден, республикалардын шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр? Үздік қызметкер өзін таныстырады, өзінің жұмысын. Қандай бағытта жұмыс жасап жатқанын көрсетеді.

Байқау барысында қазылар алқасы мәдени-демалыс ұйымдарының облыс, аудан, қала және ауыл деңгейіндегі ең үздік қызметкерлерін анықтауы тиіс. Жүзден жүйрік шыққандарға сыйақы табысталады. Тағы жеңіске лайықты деп танылған мәдени-демалыс ұйымының есеп шотына 1 млн теңге көлемінде қаражат аударылады. Жеңімпаздардың есімдері ертең белгілі болады.

Авторлары: Риат Шони, Гүлнар Хасан, Қанат Махмұдов.