«Ұлан» газетіне 95 жыл: Алматыда конференция өтті

Биыл жас ұрпақтың жан серігіне, үні мен үмітіне айналған «Ұлан» газетіне 95 жыл. Мерейтойға орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада конференция өтті. Іс-шараға кезінде қалам тербеген ардагер журналистер мен бүгінгі жалынды жас тілшілер де қатысты.

1930 жылы «Пионер» деген атпен алғаш жарық көрген бұл басылым кеңестік кезеңнің өзінде бала үмітін жықпаған рухани баспа болатын. Ал 1990 жылы Тәуелсіздік таңы атарына санаулы сәттер қалғанда газет алғаш рет «Ұлан» деген атпен жарық көріп, жаңа дәуірдің жаңа үніне айналды. Газеттің сол тарихи саны  көрмеде арнайы орын алып, жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл атаудың ғана емес, тұтас ұлттық болмыстың жаңғыру сәті еді.

Жадыра Нармаханова, «Ұлан» газетінің бас редакторы:

- Бүгінгі шарада бізде қазір тарихиымыздағы, архивіміздегі бүкіл суреттердің бәрін шығардық. Бізде архивте байқасаңыздар 500-ге жуық сурет бар. Бұл «Ұлан» деген газет – жалпы қазақ журнлистикасының ұстаханасы. Сондықтан кез келген жас оқырман осы газетке жазылуға мүмкіндігі бар.

Қаламға әуестігі бар әр оқушы жазғанын «Ұланға» жолдап, үмітпен қарайды. Сондықтан осы күні елге мәшһүр болған әр жазушы, журналисті дәл осы балалар басылымы қанаттандырғаны анық. «Қазақ газеттері» серіктестігі басшылығы мен 4 мыңға жуық таралымы бар газет ұжымы бүгін авторлар мен төл оқырмандарын төрге шығарып, салтанатты жиын өткізді. 95 жылдықты мерекелеу наурыз айында басталып, «Жас тілші» форумы да өткен еді.

Әмина Тұрдахун, «Ұлан» газетінің ЖАС тілшісі:

- Жалпы тарихы терең «Ұлан» газетіне мен өзім 8-сыныптан бастап мақаламды жариялап тұрамын. 2 жыл үзбей мақала жариялауымның арқасында 2024 жылы жас тілші атандым. Осы жас тілші атанғалы бері «Ұланға» аянбай қызмет етіп жатырмыз.

95 жылдық тарих – тек өткен күннің шежіресі емес, келешекке бастар жолдың берік іргетасы. Қазақ баласының үні мен үмітін арқалаған «Ұлан» әлі де ұлт болашағына қызмет ете бермек.

Авторлары: Алуа Ералықызы, Валентин Лобанов