Алматыда Мәдениет пен өнер қызметкерлері марапатталды

Алматыда Инклюзивті мәдениет үйі мен Жастар театры бой көтереді, деп хабарлайды 24kz.

Қазір жаңа нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған жиында айтылды. Қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова осы саланың дамуына үлес қосқан майталмандарға Президент атынан «Парасат», «Құрмет» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын табыстады. Жоғары марапаттарға композиторлар, суретшілер, дизайнерлер, кітапханашылар, балетмейстерлер, акробаттар, солистер мен шығармашылық ұжымдардың мүшелері ие болды.

Владимир Питерцев, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Мемлекеттің еңбегімді осылай жоғары бағалағанына өте қуаныштымын. Мен өнер саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін. «Қазақконцертте» музыкалық жетекші болдым. Ұлы адамдармен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Роза Бағланова, Мүслім Абдуллинмен бірге жұмыс істеген сәттер – мен үшін үлкен мәртебе.

Ерасыл Сейітхан, Алматы қ. Мәдениет басқармасының маманы:

- Қазіргі таңда Наталия Сац атындағы мемлекеттік балалар театрында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, жақын арада жаңадан  бой көтеретін театр құрылысы басталайын деп жатыр. Бұл театрдың ерекшілігі ол тек жастарға арналған театр болады. Бұл жерде қаламыздың еліміздің жас таланттары, оның ішінде Асанәлі Әшімов ағамыздың шәкірттері өнер көрсететін болады.