Жазушы Жақсылық Сәмитұлының шығармалар жинағы жарық көрді
Алматыда жазушы Жақсылық Сәмитұлының 7 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
Жинақ қаламгердің туғанына 85 жыл толуына орай шықты. Оған бұрын басылған туындылары мен жарияланбаған еңбектері де енді. Жақсылық Сәмитұлы 1940 жылы Алтай аймағының Жеменей ауданында дүниеге келген. 1993 жылы атамекенге оралып, шығыстану факультетінде ұзақ жыл ұстаздық етті. Оның атақты «Қаһарлы Алтай» трилогиясы кезінде аз ғана тиражбен шығып, көп оқырманның қолына жетпей қалған. Алтайдағы ұлт-азаттық көтеріліс пен Оспан батырдың өмірін арқау еткен тарихи трилогия 1000 данамен басылды. Сонымен қатар жазушының «Тарымдағы бір шынар», «Ақсәуле», «Иендегі екі бейіт» атты жарық көрмеген әңгіме-хикаяттары жинаққа енген. Ұзақ жыл ұлттық университетте сабақ берген жазушының «Қытайдағы қазақтар» атты ғылыми монографиясы да осы көптомдыққа қосылды. 7 мың данамен басылған жинақтың бір бөлігі Алматы кітапханалары мен университеттерге таратылады.
Жақсылық Қазымұратұлы, жинақтың шығарушы редакторы:
- Жақсылық ағаның көзі тірісінде көп кітабы өте аз тиражбен әр жылдары шықты. Тіпті атақты «Қаһарлы Алтай» трилогиясының өзі баспа, басқа да қиыншылықтарға байланысты төртке бөлініп шықты. Тіпті 50 данамен, 100 данамен басылған кездері болды. Демек, бұл кітаптардың 90 пайызын былайғы оқырман білмейді десек болады.