Таразда жастар театры алғашқы спектаклін сахналады

Таразда жаңадан құрылған жастар театры алғашқы спектаклін сахналады.

Премьера, мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай қойылды. Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өткен шараны еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен шаһар басшысы тамашалады.

Жас театр ұжымы алғашқы қойылым ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ләйлі - Мәжнүн» шығармасын таңдаған. Ал туындыны сахна тіліне икемдеп, көпшілік назарына Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, белгілі режиссер Қуандық Қасымов ұсынды.

Қуандық Қасымов, режиссер:

- Үндінің үніменен жасадық. Өйткені композитор Салим Сүлейман үндінің жігіті. Ләйлі-Мәжнүн тақырыбында көп шығарма жазған екен. Бір айдың ішінде жас студенттер, жас актертар түгел барлығы талмай еңбек етті. Жұмыс жасады.

Махаббат хикаясын арқау еткен қойылымда Мәжнүн мен Ләйлінің бір-біріне деген шексіз сүйіспеншілігі бейнеленеді. Алайда риясыз сезім ата-ана мен қоғамның қысымына тап болып, қос жүректің трагедиясына ұласады. Шығармада адам жанының тазалығы мен шынайы махаббаттың рухани биіктігі терең суреттеледі.

Жүніс Әлімбеков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Өте көңілімізден шықты бұл спектакль. Жастардың болашағы бар екен. Енді бұл біздің Тоқпанов театрының шөбересі болып есептеледі. Шөбере театрымыздың қадамы құтты болсын деймін.

Бақыт Тоқсанбаева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Алдағы уақытта біздің қаламызда үлкен жастар театрының құрылысы басталады. Сол жастар театры соғылғаннан кейін, арнайы театрдың үлкен жұмыстары жоспарланады.

Кәсіби маманның режиссерлік шешімі мен актерлік құрамның шебер ойыны көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бірнеше ай бұрын ғана ашылған жастар театры алдағы уақытта репертуарын жаңа туындылармен толықтырып, көрерменін қуанта бермек. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә