Қытайда халықаралық туристік көрме өтіп жатыр
Қытайда халықаралық туристік көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Оған дүниежүзінен 80-ге тарта мемлекет шақыртылған. Бұл іс-шараға Қазақстан да қатысып отыр. Үш күн бойы мамандар еліміздің туристік әлеуетін таныстырып, іскерлік кездесулер өткізеді. Сондай-ақ тәжірибе алмасып келіссөздер жүргізіледі.
ITB China-2025 көрмесі Шанхай қаласында өтіп жатыр. Оған әлемнің 80 елінен 600-ден астам экспонент қатысып отыр. 15 мың сала маманы тәжірибе алмасады. Біздің елдің туристік кәсіпорындарын «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы бастап келді. Іс-шарада Астана мен Алматы қалалары және Ақмола, Маңғыстау, Түркістан, Алматы облыстарының туристік әлеуеті таныстырылып жатыр.
Сон Хэ, көрмеге қатысушы:
- Мен Қазақстанда болған емеспін. Бүгін сіздердің ел туралы көп мағлұмат алдым. Табиғаты ерекше қызықтырып отыр. Қазақстанға көктем мен күз айларында барғым келеді. Кореялық туристік компаниялармен бірге баруды жоспарлаймын.
Инас, көрмеге қатысушы:
- Қазақстанда қонақүй саласында жұмыс істейтін достарым бар. Олар маған Қазақстан жайлы үнемі айтады. Қазақтар салт-дәстүрді жақсы ұстанатынын білемін. Мен міндетті түрде барамын.
Қазақстандық делегация биылғы көрмеде туризмнің мәдени және табиғи бағытына ерекше мән берген. Сала мамандары еліміздің көрікті жерлері мен бірегей ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрлерін жеке-жеке таныстырып жатыр. Осы арқылы саяхатшылардың қызығушылығын арттыру көзделіп отыр.
Айжан Жолдасбекова, ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі:
- Келушілерге арнайы бейнематериалдар, қытай тілінде арнайы ақпараттық материалдар, сондай-ақ іскерлік кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Өткен жылы 650 мыңнан астам қытайлық турист Қазақстанға келген. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 9 есеге көп.
Отандық қонақүйлерде 145 мыңнан астам қытай турисіне қызмет көрсетілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 66% көп. Қытайлық саяхатшылардың артуына екі ел арасындағы визасыз режимнің енгізілуі тікелей түрткі болған. Сонымен қатар әуе рейстерінің артуы да ықпал етті.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын