«Хабар» Агенттігі лудомания тақырыбында деректі фильм түсірді
Құрдымға кеткен өмір.
«Хабар» Агенттігі өзінің 30 жылдығы аясында маңызды әлеуметтік мәселелерді қозғайтын деректі фильмдер циклын жалғастырып жатыр. Кезекті туынды Сәби Байбосыновтың «Ставка на жизнь» атты авторлық жобасы. Деректі фильмде ойынқұмарлықтың ауыр зардабы мен қасіреті көрініс тапқан. Астанада туындының тұсаукесері өтті.
Құмар ойынның құдіретіне ессіз сеніп, «қыруар ақшаның астында қаламын» деген арманы құр қиялға айналған жандар аз емес. Деректі фильм авторы осыны шынайы кейіпкерлер арқылы жеткізген. Шырмауға шырмалған адамның одан шығуы қиын. Оны өз өмірін бүкпесіз баяндаған әр жан тебірене айтып отыр. Фильм авторы Сәби Байбосынов ойыншылардың ешкімге тіс жарып айта алмайтын сырларын фильмде ерекше жеткізген. Көрермен осы арқылы бұл дерттің казино мен букмекерлік кеңселерден асып, смартфон арқылы жастардың күнделікті өміріне еніп кеткеніне көз жеткізеді.
Сәби Байбосынов, деректі фильм авторы:
- Фильмнің басты кейіпкерлері - Ерік пен Дәулет екі түрлі адам. Алайда екеуі де осы құмар ойынның шырмауынан талай қиындық көрген. Тіпті Дәулет бір сәтті бәрінен айырылған. Айналдырған бір-екі жылда 450 миллион теңгесін осы құмар ойынның қазанына салып жоқ қылған. Ал Ерік 15 жыл бойы мектепте оқыған кезінен онлайн казиноның құрбанына айналған.
«Хабар» агенттігі ұсынған бұл деректі фильм ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Себебі сюжет желісі арқылы бір-ақ сәтті лудоманға айналып кеткен жандардың өмірі шынайы көрсетіледі. Олар ақша, отбасы, денсаулық, тіпті өмірге деген үмітінен айырылған. Осы қатердің кесірінен шаңырағы шайқалып, заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандардың бар екенін өздері де біледі.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы:
- Парламент депутаттары осы сұраққа акцент қойып, бірнеше жылдан бері осы сұрақты көтеріп, қоғамға осы жалпы лудомания тақырыбын, жалпы қандай зиян кетіріп жатқанын, сол азаматтар бастама ретінде көтеріп, біздер Хабар агенттігі жалпы қоғамда талқыланып жатқан нәрселерге мән беру керек екенін, өзімізге басты бағыт ретінде жоспарлап, осы күнде түрлі-түрлі әлеуметтік бағытта көтеріліп жатқан сұрақтарды бізде экраннан көрсетіп, көрерменге жеткізу біздің парызымыз деп танимыз.
Былтыр елімізде осы құмар ойын бизнесіне тосқауыл қоятын заң қабылданды. Яғни, қазір онлайн-казино ұйымдастырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Букмекерлік кеңселер мен казиноларды жарнамалауға шектеу қойылған. Деректі фильмнің жабық көрсетілімінен кейін осы заңға мұрындық болған депутаттар қатердің алдын-алу жұмыстарын күшейту және психологиялық көмекке қолжетімділікті арттыруға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Әрі агенттік ұсынған жобаға жоғары баға берді.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заңда біз енді біз мына қаразы бар азаматтарды, мемлекеттік қызметкерлерді, мемлекеттік қызметке теңестірілген әскери қызметкерді, арнайы әскери қызметкерді бәріне шектеу қойдық қой. Енді соларға шектеу ғана бар да, оны біз тапсақ мемлекеттік қызметтен шығарып жібереміз. Ал енді соған біз арнайы жаза енгізіп жатырмыз, арнайы айыппұл төлейтін. Егерде айыппұл төлейтін болса азаматтар ойынын тоқтатады.
"Ставка на жизнь" деректі фильмі 8 маусым сағат 21:00-де "Хабар" телеарнасынан көрсетіледі.
Айнұр Қуатқызы, Мұхаметәлі Тілдебаев