Қазақстан мен Қытай медиа саласында ынтымақтастықты дамытады
Қазақ-Қытай байланысының тамыры тереңде жатыр. Әсіресе мәдени-гуманитарлық салада. Бүгін қос елдің бұл бағыттағы ынтымақтастығын нығайта түсетін бірқатар бастаманың тұсауы кесілді. Соның бірі әрі бірегейі – «Си Цзиньпиннің нақыл сөздері» атты тележоба. Салтанатты іс-шараға Қазақстан мен Қытай, Орталық Азия елдерінің мәдениет және ақпарат басшылары, белгілі медиа менеджерлер қатысты. Форум аясында тараптар мәдени саладағы қоян-қолтық жұмыстың нәтижесін сөз етті.
«Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзинпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ауқымды инфрақұрылымдық жоба ғана емес, ең алдымен халықтар арасын жалғаушы көпір іспетті. Бірлескен мәдени-гуманитарлық бастамалар арада сенім мен ашықтық қалыптастырады. Ал оларды насихаттауда, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі айрықша», – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Бүгін де Ұлттық музейде Қытай туризмінің Қазақстандағы жылының тұсаукесерін жасадық. Ұлттық музейде «Жібек жолы» деген керемет көрменің ашылуы болды. Алматы қаласында Қастеев музейінде сондай үлкен көрме өтіп жатыр. Осының барлығы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтатыны сөзсіз. Мәдениет дегеніміз – елдің жаны, елдің мінезі. Сол арқылы біз бір-бірімізді тануға мүмкіндік аламыз.