Астанада «Filarmonia Fest» музыкалық фестивалі басталды

Елорда күні қарсаңында бас шаһарда «Filarmonia Fest» музыкалық фестивалі өтіп жатыр. Астана қаласының әкімдігі және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы ұйытқы болған мерекелік іс-шара 3 күнге жалғасады.

Есіл өзенінің жағасында, «Серуен» көпірінде және «Астана» саябағында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымдарының қатысуымен мерекелік шеру ұйымдастырылды. Қазақ музыка өнерінің классигі, ұлт композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Әнім сен едің» атты концерт өтті.

Дорай Танабаев, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі:

- Бұл енді біздің Астана халқына деген, Астанаға келіп жатқан қонақтарымызға деген үлкен концертіміз. Бұл бүгін ғана болмайды. Ертең де жалғасын табады. Бүгін бастамасы. Сондықтан келіңіздер, көріңіздер, тамашалаңыздар!

Ертең Амфитеатр алаңында «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің ұйымдастыруымен жас музыканттарға арналған «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» атты лекция-концерті өтеді. Іс-шара барысында балалар ұлттық музыканың ерекшелігімен танысып, халық аспаптары мен дыбысталуы жайлы мол мағлұмат ала алады.

Айтқали Жайымов, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі:

- Бір жылда жасалған жұмысымыз туралы қорытынды концерт. Бүкіл филармония ұжымдары бірігіп, осы фестивальде өнер көрсетеміз. Биыл үшінші жыл болып жатыр. 

Ал 27 маусым күні Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы алаңында «Музыка балалар көзімен» атты сурет байқауы өтеді. Мақсаты – бүлдіршіндердің өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, қиялы мен бейнелеу қабілетін дамыту. Айта кеткен жөн, бүгінде филармония құрамында 13 шығармашылық ұжым бар. Оның ішінде 700-ге жуық қызметкер еңбек етеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ернар Нысанбай