Эльдар Сапараев Корея көрерменін тамсандырды
Әлемге танымал виолончелші Эльдар Сапараев Оңтүстік Кореяда өткен беделді музыкалық фестивальде өнер көрсетті, деп хабарлайды 24KZ. Шуберт, Моцарт және Бетховеннің туындыларын отандық музыкант кореялық трио құрамында орындады.
Тэджондағы халықаралық музыкалық фестиваль Азиядағы ең беделді өнер шараларының бірі саналады. Биыл бұл фестиваль 25-ші рет ұйымдастырылды. Оның аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген музыканттардың 8 концерті өтті. Қазақстандық Эльдар Сапараев Оңтүстік Кореяның ең танымал скрипкашыларының бірі Ким Ын Су және альтшы Квон О Хёнмен бірге сахнаға шықты.
Ким Ын Су, скрипкашы:
- Эльдар керемет музыкант әрі виолончельде керемет ойнайды. Бүгін біз сахнаға ішекті аспаптар: скрипка, альт және виолончель трио құрамында шықтық. Шуберт, Бетховен және Моцарттың туындыларын орындадық. Бұл композиторлар Венада өмір сүріп, шығармаларын жазған. Мен де сол қалада ұзақ уақыт тұрдым, онда Қазақстаннан достарым болды. Солардың бірі – Эльдармен бірге өнер көрсетіп жатырмын.
Квон О Хён, альтшы:
- Мен үшін профессор Ким Ын Сумен және виолончелші Эльдар Сапараевпен бірге сахнаға шығу –үлкен мәртебе және бақыт. Эльдардың техникасы өте жоғары деңгейде. Сондай-ақ ол ағылшын тілінде жақсы сөйлейді, ал профессор Киммен екеуі неміс тілінде еркін сөйлеседі, сол себепті дайындық кезінде еш қиындық болған жоқ.
Концертке Оңтүстік Кореяның түкпір-түкпірінен классикалық музыка жанкүйерлері жиналды. Моцарттың ішекті аспаптар триосына арналған ең ұлы шығармасы көрермендерді баурап алды. 45 минутқа созылған концертті залдағы жұрт демін ішіне тарта тыңдады.
Юн Сон Хе, Сеул қаласының тұрғыны:
- Виолончельдің үні ерекше әсер етті. Орындау өте жоғары деңгейде болды. Үш музыканттың арасындағы үйлесімділік пен олардың бір-бірін тыңдай отырып, бірге жұмыс істегені бізге қатты ұнады. Залдағылар соншалықты зейінмен тыңдады, ешкім тіпті жөтелген жоқ.
45 жастағы Эльдар Сапараев өмірінің басым бөлігін Еуропада өткізген. Ол жерде атақты виолончелші әрі дирижер ретінде танылған. Қазір ол Любляна университетінде сабақ береді және Қазақстан атынан әлемдік концерттерге қатысып жүр.
Эльдар Сапараев, виолончелші:
- Келесі аптада мен Венецияда екі концерт беремін. Онда да Қазақстан атынан өнер көрсетемін. Біз мәдени өкілдер ретінде дипломатиялық миссияны да атқарып жүрміз. Себебі адамдар біздің өнеріміз арқылы елімізді танып, Қазақстанға жылылықпен, құрметпен қарай бастайды.
Эльдар Сапараев алдағы уақытта Қазақстанда әлемге әйгілі классикалық музыканттардың концертін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Солардың бірі – скрипкашы Ким Ын Су қазақ сахнасына шығуға ниетін білдірді.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян