Француз театрларымен серіктестік артады

Франция театрларымен ынтымақтастық артады, деп хабарлайды 24KZ. Оңтүстік астананың өнер ұжымдары мәдениет саласындағы әлемдік маңызды оқиғалардың бірі – Авиньондағы театр фестиваліне қатысып жатыр. Отандық өнерпаздар үшін бұл бұрын-соңды болмаған жағдай.

Бір ай бойы фестиваль сахнасында төрт Алматы театрының спектакльдері қойылады. Делегация құрамында Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері де бар. Әйгілі фестиваль биыл өз назарын Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға аударып отыр. Бағдарламада дөңгелек үстелдер, әлемнің әр аймағынан келген мамандармен кездесулер және тәжірибе алмасулар қарастырылған.

Гарольд Давид, OFF халықаралық театр фестивалінің тең төрағасы:

- Бұл біздің көрермен үшін ерекше жаңалық болды. Алғашқы алған әсеріміз керемет. Қазақстанның заманауи театр өнері француздарды таңғалдырды. Өйткені олар бұл қойылымдарды қазақ әртістерінің орындауында бұрын-соңды көрмеген. Қазақстан өнері көбіне фольклормен байланысты екен. Бірақ театр мен бидің заманауи түрлері де паш етіліп, біз үшін тосын сый болды.