Алматыда цирк өнерінің III халықаралық фестивалі басталды
Алматыда цирк өнерінің ең жарқын мерекесі басталды.
Цирк фестивалі биыл үшінші рет шымылдығын түрді. Айтулы шара санаулы уақыттың ішінде үздік ондықтың қатарына енді. Бұл отандық цирк үшін үлкен жетістік. Биыл 20-дан аса елден 180-нен астам өтінім түсіп, ішінен ең мықтылары таңдалды.
Жалпы фестивальға биыл 16 елден келген цирк саңлақтары қатысып жатыр. Алғаш рет бағын сынап отырғандардың қатарында Бельгия да бар. Қазақ мемлекеттік циркінің бастамасымен қолға алынған бұл жоба цирк өнері мен мәдениетінің қайнар бұлағына айналған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, қатысушылар саны жыл сайын артып келеді.
Мақсат Жайықов, Қазақ мемлекеттік циркінің директоры:
-Бұл фестивальдің ең негізгі мақсаты – халықаралық мәдени байланыстарды ұлғайту, цирк әртістерінің мүмкіндіктерін көрсету. Бұл жерде цирк әртістері жаңа мүмкіндіктерді алады. Бұл ар жағында мүмкіндіктер мен осы келген халықаралық қазылар алқасы бұларды өз фестивальдеріне шақырады. Жаңа контракттар алады. Бұл жерде цирк әртістеріне бүкіл әлемнен келген үлкен мүмкіндік береді.
Күрделі трюктер, көз ілеспес қимыл, шеберлік пен батылдық – фестивальдің жүрегі. Әсіресе қазақстандық «Хассақ» тобының қойылымы өзгелерден оқ бойы озық. Олар иыққа иық қойып, бір-бірінің үстімен үш қабатқа көтерілетін сирек трюкті алғаш рет ел алдында паш етпек. Айта кетейік, биылғы шараға тұңғыш рет біздің елден де жаңа өнерпаздар қатысып отыр. Олар – еліміздің өңір-өңірінен іріктеліп алынған жас цирк әртістері.
Айсұлу Оразбаева, фестиваль қатысушысы:
-Менің номерім – воздушный треугольник, үшбұрыш. Өте нежный номер. Эмоциямен жеткіземін деп сенемін. Тағы фестивальға қатысуға ниетім бар. Ойда бар. Келесі рет күшті постановкамен, күшті дайындықпен келемін деп ойлаймын.
Фестиваль аясында Еуропаның ең әйгілі клоуны Хуш-Ма-Хуш арнайы шақыртумен сахнаға шығады. Ол байқау шеңберінен тыс өнер көрсетеді. Өз саласында мойындалған әртіс алғаш рет Алматы көрерменімен жүздеспек. Фестиваль 5 күнге жалғасады. Ал 2 тамыздан бастап жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатысатын гала-шоулар легі басталады.
Алуа Ералықызы, Мұхит Құдықбаев