Дауылбай қорымынан көне жәдігерлер табылды

Жетісу өңіріндегі Дауылбай қорымынан сақ дәуіріне тиесілі алтын бұйымдар табылды, деп хабарлайды 24KZ. Талдықорған іргесіндегі тарихи орында қазба жұмыстары үшінші жыл қатарынан жалғасып жатыр. Былтыр да археологтар, экспедициядан олжалы оралды. Олар көне кешеннен бағалы тастармен көмкерілген алтын белдіктің қалдығын тауып алған болатын.

Сақ қорғандарын зерттеп жүрген археологтар жуырда күтпеген олжаға кенелді. Олар көне қорымның сегізбұрышты орталық бөлмесіне апаратын жабық дәлізді кезіктірген. Ғалымдардың пікірінше, бұл жерге біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырда адамдар жерленген болуы ықтимал. Ұры-қарақшыдан қорғау мақсатында діни кешенге кіреберісте тұзақтар қойылған. Ағаш бұйымдардың қалдығы соны айғақтайды.

Руслан Шербаев, археолог:

- Қорғанды зерттей келе оның Жетісудың жеті өзені аумағында зороастризм дінін насихаттаған ғибадатхана болған болуы мүмкін деген ойға келдік. Осы жерде аң стилінде жасалған алтын әшекейлер табылды. Келесі қорымнан салт атты күйде жерленген қаңқа сүйектерін көрдік. Екі жағына ошақ қойылған бұл алаңды көне ғибадатханаға апаратын кіреберіске ұқсаттық. Осында жерлеу рәсімі өткізілген болуы ықтимал.

Археолог Есбол Серікбол шағын қорғандардың бірін зерттеп жүр. Оның таяуда тапқан олжасы экспедиция мүшелерін қайран қалдырыпты.

Есбол Серікбол, археолог:

- Бас қаңқа кішігірім деформацияланған. Бұл жерлеу дәстүрі. Өліні көму дәстүрі ғұндар кезеңіне жатады. Жалпы алғанда Дауылбай обалы қорымы элитарлы 7 обадан тұрады. Осы уақытқа дейін 3 жылда 4 оба қазылды. Ол жерлеу орындары негізінен түркі кезеңіне дейінгі аралықты қамтуы мүмкін.

Археологтар жыл аяқталғанша 7 патшалық обада қазба жұмыстарын жалғастыруды жоспарлаған. Былтыр Дауылбай қорымын зерттеу кезінде алтын бұйымдардың табылуына орай биыл олар көне ғибадатханаға үлкен үміт артып отыр. Ғалымдар осы аумақта бойы 2 метр болатын ер адамның қаңқасын кезіктірген. Сол себепті тереңдіктен әлі де қорымдардың табыларына сенеді. Айта кетсек, Дауылбай қорымында шамамен 100-ге жуық сақ қорғаны бар. «Олардың әрқайсысы кешенді түрде зерттеуді қажет етеді. Бұл жұмыстарға шамамен 10 жыл уақыт керек», – дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов