Қостанай облысындағы «Ұлттың жады қабырғасы» әлемдік рекордтар кітабына енгізілді
Әлемдік рекордтар кітабы Қазақстандық тағы бір тарихи ескерткішпен толықты, деп хабарлайды 24kz.
Сарапшылардың шешімімен Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы «Ұлттың жады қабырғасы» Global Book of Records халықаралық реестріне енгізілді. «Аталған нысанның Әлемдік рекордтар кітабына тіркелуі жеке аймаққа ғана емес,еліміз үшін де үлкен маңызға ие», - дейді мамандар.
Мағауия Қалиев, тілші:
- «Торғай тәжі» туристік кешенінде Эйфель мұнарасы, Сақ моншасы, Тадж-Махал кесенесі сияқты әлемнің керемет жәдігерлері топтастырылған. Соның ішінде «Ұлттың жады қабырғасының» орны ерек. Мұнда ерте заманда әр елде билік құрған бабаларымыздың, тарихи тұлғалардың зират басынан жеткізілген топырағы қойылып, есімдері жазылған. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жоба авторы, меценат Сапар Ысқақов жер жаһанды шарлаған.
Сапар Ысқақов, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, жоба авторы:
- Алты жыл уақытта 4 континентте болдық. Еуропа, Азия, Африка, Америка. Содан 46 елде болып, соның 42 елде біздің бабаларымыздың ізін таптық. Солардың жатқан жерін таптық. Сүйек, топырағын әкелдік.
Жады қабырғасының құндылығы сол, 2600 жыл тарихи кезеңді қамтиды. Нысанды әлемдік рекордттар кітабына тіркеу талабына сәйкес тәуелсіз сарапшылар шақырылды. Олар бірнеше плитканы шешіп алып, топырақ салынған капсуланы тексеріп, қарады. Оның бәрін хаттама толтырып, рәсімдеді.
Қуандық Құдайбергенов, Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицер:
- Қаншама мемлекеттен барып, топырақ жинаған, зерттеген. Оның бәрін дәлелдеген. Оған рұқсат алынған. Әрбір капсулада құжаттар бар. Оның барлығы архивтің деңгейінде жасалынған, тіркелінген, маркировкасы бар анық. Куәгерлері бар.Сондықтан көрдіңіз бе, бұл үлкен жұмыс, ерекше кешен.
Араға жарты сағат салып, халықаралық реестрге тіркейтін Үндістандағы және Дубайдағы бас офистен «Ұлттың жады қабырғасы» әлемдік рекордттар кітабына енгізілді деген қуанышты хабар жетті. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өз сөзінде туризмді дамыту жөніндегі Президент тапсырмасына сай өңірде бірқатар іс шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.
Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары:
- Бұл нысан әлемдік рекордтар кітабына енуі әлем жұртшылығына Қазақстан халқының өткеніне деген құрметін, рухани биіктігін, ұрпағына қалдыратын өшпес өнегесін паш етеді. Мұндай жобалардың тәрбиелік мәні де ерекше. Біздің жас ұрпақ дәл осындай киелі орындардан ұлттық рухты, елге деген сүйіспеншілікті тарихи жадыны бойына сіңіреді.
Келешекте «Торғай тәжі» кешеніндегі «Ұлттың жады қабырғасын» ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсыну жоспарда бар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенеберг