Алматыда Дженнифер Лопестің концерті басталды. LIVE
Бүгін Алматының орталық стадионы Дженнифер Лопестің Up All Night атты әлемдік турнесінің соңғы аялдамасы болмақ, деп хабарлайды 24kz.
Әншінің Қазақстанға алғаш келуі – қала үшін де, жанкүйерлер үшін де ұмытылмас сәт. Астанада өткен аншлагтан кейін Алматыда да дәл сондай ауқымды шоу өтіп жатыр.
Алуа Ералықызы, тілші:
- Алматылықтар қазір әлемге әйгілі әншілердің бірі – Джей Лоны асыға күтуде. Сахнаға шығуына санаулы минуттар қалды. Бұл – Up All Night турнесінің финалы. 23 мың орындық стадион лезде толды. Мұнда АҚШ, Жапония, Канада және тағы 35-тен астам елден жанкүйерлер жиналды. Қауіпсіздік пен тәртіп үшін үш мыңға жуық полиция, әскерилер, күзетшілер мен еріктілер қызмет атқаруда. Көрермендерге ыңғайлы болу үшін 50 арнайы автобус қатынауда. Абай, Сәтбаев және Байтұрсынов көшелеріндегі қозғалыс уақытша тоқтатылған.
Айта кетейік, сахна сыртында соңғы дайындықтар аяқталды. Ал стадион ішінде – әр сәтін күтумен жүрген мыңдаған адамның қуанышы мен толқынысы. Дәл қазір Алматы үлкен музыкалық тарихтың бір парағын жазғалы тұр.