Ташкентте «Абай әдебиеті» кітабы өзбек тілінде жарық көрді
Өзбекстанда Абай Құнанбайұылының 180 жылдығына орай «Абай әдебиеті» кітабы өзбек тілінде жарық көрді, деп хабарлайды 24kz.
Авторы – жергілікті қазақ қаламгері Абдулла Рустамов. Жалпы көрші елде ойшылдың 100-ге жуық еңбегі өзбек тіліне аударылған. Қазақстан мен Өзбекстан ғалымдарының қатысуымен Ташкентте өткен ғылыми-практикалық конференцияда Абай мұраларына талдау жасалды.
Өзбекстанның жазушылар одағында өткен ғылыми-практикалық конференцияға екі елдің ақын жазушылары мен ғалымдары қатысты. Олар Абай ойының тереңіне бойлап, сипатының сырына үңілді. Конференция аясында Өзбекстандағы қазақ қаламгері Абдулла Рустамовтың «Абай әдебиеті» кітабы таныстырылды.
Абдулла Рустамов, Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі:
- Абайды өзбек елінде кең насихаттау, үйрену туралы қаулыдан кейін рухтанып, содан «Абай әдебиеті» деген кітап шығардым. Мұны монография деуге болады. Бұл кітапты өзбектердің қазақ ақынын жақыннан тануына әрекет жасадым.
Абайдың тойы бір күндік шара болмауы тиіс. Алдағы уақытта екі ел ғалымдарының қатысуымен Абай мұраларын зерттеу мен насихаттау жұмыстары жалғаса бермек. Бұл тұрғыда өзбек тарапы жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Тұрдықұл Шаңбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиеттанушы-философ:
- Мұхтар Әуезовтің кезінде өзі айтқан, Абайды классик ретінде айтамыз да, батыстық көзқарасын қысып ұстап келген. Қазір Қазақстанда еркіндік сана жақсы дамыған. Осыған орай мен Хәкім Абай және алаш алыптары деген тақырыпта әңгіме айтамын.
Көрші елде Абай өлеңдерінің 100-ге жуығы аударылған. Өзбекстан жазушылар одағы алдағы уақытта ақынның барлық жыр жинағын жергілікті тілге аударуды жоспарлап отыр.
Авторы: Дулат Нуркин