Елордада «Silk Way Star» музыкалық байқауы өтеді
Елордада «Silk Way Star» музыкалық байқауы өтеді.
Халықаралық сайысқа 12 елдің танымал әншілері қатысады. Бұл туралы "Қазмедиа орталығы" студиясында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Түсірілім жұмыстары алдағы аптада басталады. Ауданы 700 шаршы метр студияға жалпы көлемі шамамен 600 шаршы метрге тең ЛЭД-экрандар орнатылады. Жобаның ауқымдылығын осыдан-ақ байқай беруге болады дейді ұйымдастырушылар.
"Silk Way Star" жобасы Қазақстан Республикасы президентінің телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасындағы халықаралық келісім аясында жүзеге асады. Аталған келісімге биыл 16 маусымда екі ел басшыларының қатысуымен Астанада қол қойылған болатын.
Ван Бинь, "China Media Group" еуразиялық бюросының директоры:
- Бұл жай музыкалық байқау ғана емес, Қазақстан мен Қытайдың және басқа да қатысушы елдердің өзара достығын нығайтуға арналған мәдени алаң. Қытайда іріктеу кезеңі өте күрделі өтті. Өйткені бәсекелестік жоғары. Қытай атынан Чжан Хэсуань есімді тәжірибелі әнші өнер көрсетеді. Ол да Димаш сияқты сырт елде жоғары нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз.
Жезтаңдай әншілер додасында отандық және қытайлық өнерпаздармен қатар Оңтүстік Корея, Малайзия, Моңғолия, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия және Армения өкілдері өнер көрсетеді. Қазақстан намысын Alem лақап атымен танымал әнші Батырхан Мәлік қорғайды.
Батырхан Мәлік, "Silk Way Star" жобасына қатысушы:
- Қуана қабыл алдым ұсынысты. Өйткені бұл мен үшін үлкен мәртебе. Әрине бұл жобада барымды салып тырысамын. Қателеспесем, грузиялық қатысушыны танимын. Ол кісіні әлемдік жобаларда үлкен байқауларда көріп жүрмін. Өте мықты вокалист. Және де бір-екеуін көрсетті осындай-осындай әншілер деп, мәссаған.
Қазылар алқасының құрамында атақты әртістер, композиторлар, продюсерлер мен медиа өкілдері бар. Ережеге сай олар өз отандасына дауыс бере алмайды. Музыкалық сайыстың түсірілімі 20 тамызда басталады. Гранд-финал 22 қараша күні "Jibek Joly/Silk Way" телеарнасында және байқауға қатысушы елдердің басты телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.
Еркежан Күнтуған, "Jibek Joly/Silk Way" телеарнасының басқарушы директоры
- Бұл Қытайда 40-тан астам телеарнаны қамтитын медиакомпания. Біздің серіктесіміз Ван Бинь мырза айтқандай, жобаға Қытай тарапынан атсалысатын мамандар үлкен концерттерді жасайтын команда. Бұлар мықты режиссерлер және мықты продюсерлер. Олардың әр концертін 2 млрд астам адам қарайды. Сондықтан бұл жоба Қазақстаннан бөлек Қытай көрерменіне де жол тартады.
"Silk Way Star" азиялық музыканы насихаттайды. Бұл бірнеше елдің мәдени байланысын нығайтып, жаңа таланттарға даңғыл жол ашатын бірегей жоба болмақ. Байқауға қатысушылар әр елдің мәдениетіне тән музыкалық стиль алуандығын, дәстүрлердің, әуендер мен орындау мәнерінің ерекшелігін көрсетеді. Осылайша әлемдік музыка индустриясындағы жарқын құбылысқа айналып, Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер мен халықтың мәдени құндылығын жер жаһанға паш етпек. Ал жобаның келесі маусымы 2026 жылы Қытайда өтеді.
Мирлан Алтынбек, Абдулхамит Бөлекбаев, Дәулет Кибраев