Алматыда заманауи өнер мұражайы ашылды
Алматының мәдени өмірінде тың серпіліс. Онда заманауи өнер мұражайы – Almaty Museum of Arts есігін айқара ашты, деп хабарлайды 24kz.
Өнер мен технология тоғысқан еңселі ғимаратты британдық сәулетшілер жобалаған. 3 жылдық еңбектің жемісі енді 12 қыркүйектен бастап көпшілік игілігіне жол тартады.
10 мың шаршы метр аумақты алып жатқан жаңа орталық дәстүрлі музей ұғымынан бөлек, нағыз шығармашылық лабораторияны да елестетеді. Заманауи экспозициялық залдар, қор сақтау орындары, креативті шеберханалар мен көпфункционалды алаңдар, бәрі де өнердің тынысын жан-жақты сезінуге мүмкіндік береді.
Министр сөзінше, мұражай – өнер мен заманауи технологияны тоғыстырған ерекше кеңістік. Мұндағы еңселі «Ұлы Дала» залы мен жарыққа толы Art Street атриумы қазақ даласының айбынды рухын бейнелейді. Шымылдығын ашқан алғашқы экспозициялар да соның айғағы. Музейдің ашылуына мұрындық болған кәсіпкер әрі меценат Нұрлан Смағұловтың жеке қорындағы «Қонақтар» көрмесі өткенге тағзым болса, суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты жобасы – бүгінгі күннің айнасы.
Алмагүл Меңлібаева, суретші:
- Мұнда 80-90-жылдардағы туындылар қойылған. Ол кезең қайта құру мен Кеңес Одағының күйреуі еді. Осы жұмыстардан еркін өнердің қандай болуы мүмкін екенін жастар да өздеріне түртіп ала алады.
Адиска Кин, «Almaty Museum of Arts» мұражайының коммуникация маманы:
- Бізде басқа да мұражайлар бар. Бірақ көбінесе біздің қазақстандық мұражайлар жергілікті суретшілердің жұмысын ұсынады. Ал біз жергілікті суретшілерді де ұсынамыз. Соған қоса, біз әлемнің түкпір-түкпірінен алып келдік.
Қорында 700-ге жуық туындысы бар заманауи мұражай қазақстандық өнерді жаһандық мәдениетпен сабақтастырып, оңтүстік астананы әлемдік өнер картасына енгізуді мақсат тұтады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осындай игі істер басқа да азаматтарға үлгі болу керектігін атап өтті.
Авторлары: Алуа Ералықызы, Кенже Амраев