Үш ғасырлық тарихы бар күйсандық филармониядан өз орнын тапты

19-ғасырдан жеткен күйсандық музейден орын алды.

Павлодардағы Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның шағын музейі  құнды жәдігермен толықты. Қала тұрғыны, ақын Татьяна Окольничья филормония қорына ескі пианино тарту етті. «Көне аспап талай өнер кешінің куәсі болған», - дейді ол.

Татьянаның отбасы күйсандықты жетпіс жылға жуық сақтап келген. Алайда тарихы одан да тереңде жатыр. Көне аспап есімі елге таныс павлодарлық көпес Матагановтар әулетінің мүлкі болыпты. Революция кезінде отбасы қаладан көшіп, музыкалық аспап өзгелердің қолына өтеді.

Татьяна Окольничья, қала тұрғыны:

- Мен бұл пианиноның өнер әлеміндегі ғұмыры ұзақ болғанын қалаймын. Әсем ғимарат төрінде халыққа қызмет етіп, сиқырлы пернелерінен әуезді күй төгілсе екен деймін. Тек құнды жәдігер ретінде ғана емес, сахнада қайта түлесе, нұр үстіне нұр болар еді.

Көненің көзіндей болған күйсандық  сынын да, сырын да жоғалтпаған. Піл сүйегінен жасалған пернелері нәзік әуенімен тыңдаушыны баурап, өткен ғасырлардың  естелігін жеткізгендей әсер қалдырады.

Ерлік Сайырхан, И. Байзақов атындағы филармонияның  концертмейстері:

-Мен осы көне фортепияноны филармонияға әкелді дегенді естігенде, осы фортепияноның қандай күйде, үні қалай шығып тұрғаны өзіме өте қызық болды. Өзіндік ерекше үні бар, өте жұмсақ, сабырлы, лирикалық шығармаларды ойнағанға өте ыңғайлы, жағымды шығады. Өзінің бір ерекше үні бар. Кішкентай бір камералық залдарға немесе үйге арналған фортепиано секілді.

Үш ғасырлық тарихы бар көне аспап филармониядан өз орнын тапты. Күйсандық өткен мен бүгінді жалғап қана қоймай, музыкамен сүйемелдеп, көрерменін жаңа туындылармен қуантары сөзсіз. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Даулет Қошқарбаев, Марат Игіліков