Үстірт жазығы мен Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО мұралар тізіміне енуі мүмкін

Үстірт жазығы мен Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуі мүмкін.

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің «Телеграм» арнасында хабарлады. Оның айтуынша, 17-24 қыркүйек күндері Ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің сараптамалық миссиясы аталған тарихи-мәдени мұраларда сараптамадан өткізді. Бұл жұмысқа орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, археология және реставрация саласындағы қазақстандық сарапшылар қатысты. Жерасты мешіттерінің буферлік аймағы мен шекарасын айқындау, консервациялау және қорғау, туристік инфрақұрылымды дамыту және тұрақты басқару мәселелері қарастырылды. Енді сараптама қорытындысы дайындалады. Шешім ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 2026 жылғы шілдеде өтетін отырысында қабылданады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығында ТМД аумағындағы алғашқы «Үстірт жазығы» бірлескен номинация жобасын қарастыру процесі басталды.

«Ұлттық құрылтайда жарияланған президенттік бастамаларды нақты жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр», - деп жазды Ерлан Қарин.