Түркістанда «Қолөнершілер қалашығы» ашылды

Түркістан тек тарих пен руханияттың ғана емес, ұлттық қолөнердің де ордасына айналуда. Бүгін рухани шахарда «Қолөнершілер қалашығы» ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Аумағы екі жарым гектарды алып жатқан нысан шығыс стилінде салынған. Қалашық ішінде 20 шеберхана, 2 шоурум, көрме залы, мейрамхана, қонақ үй және туристік инфрақұрылым қарастырылған. Жаңа мәдени орталықтың ашылуына орай «Түркістан – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық фестиваль басталды. Оған Түркия, Моңғолия, Қытай, Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдері мен еліміздің әр аймағынан 300-ден астам қолөнерші қатысуда.

Айта кетейік, биыл Түркістан қаласы халықаралық World Craft Council ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие болды.

Абайхан Рыспаев, шебер:

- Бұрын әркім өз үйінде ғана жасайтын. Оны ешкім біле бермейді. Өзін өзі жарнамалай алмайды. Осы тұрғыдан келгенде бүкіл шеберлер осы жерде отырса, келген туристер осында келіп көріп, тамашалап, әрі затын сатып алып жатса жақсы ғой. Өйткені жалғыз керамика емес, өнердің басқа салаларында істеп жатқан жігіттер өте көп. Жағдайымыз жақсарады деп отырмыз.

Нұрдәулет медеуов, облыстық туризм басқармасының басшысы:

- Іс-шара аясында бізде қазір түркі елдерінің этнодизайнерлік шоу көріністері болады. Ұлттық құндылықтардан шеберлік сағаттары өтеді. Қыш құмара өзіміздің статусымызға ие болғандықтан, 100 баладан құралған қыш құмыра флешмоб ұйымдастырылады. Бұлардың бәрі біздің облыстың туристік әлеуетін арттырға септігін тигізеді деп ойлаймын.