Ұлттық музейде Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылды
Ұлттық музейде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Францияның Өнер мен әдебиет орденінің кавалері Ерболат Төлепбайдың мерейтойлық көрмесі көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды 24kz.
Ашылу салтанатына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Палата спикері мерейтой иесі отандық бейнелеу және кескіндеме өнерінің дамуына зор еңбек сіңіргеніне назар аударып, оның шығармашылығы жан-жақты екенін тілге тиек етті. Экспозицияда классикалық стильдегі полотнолардан бастап заманауи абстракциялық туындыларға дейін ұсынылған. Әрбір картина автордың рухани әлемінің айнасы іспетті. Көрермендер қылқалам шеберінің өзіндік стилін, тақырыптық ізденісін және терең ойларын сезіне алды.
Айта кетерлігі, Ерболат Төлепбай әлемнің бірнеше елінде 38 жеке көрме өткізген.