TURKI CUP-2025 халықаралық фестивалі өтті
Әзіл-қалжыңға жүйрік түркітілдес мемлекеттердің жастары Алматыда бас қосты.
TURKI CUP-2025 халықаралық фестивалі осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жайдарманшылар жарысына 12 команда қатысты. Оның бесеуі шетелден келген.
TURKI CUP-2025 фестивалі Республика сарайында өтті. Әзілкеш жастарды бір арнаға тоғыстырған кешке Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжаннан және Қырғызстаннан командалар қатысты. Қазақстаннан да бірнеше топ болды. Фестиваль қазақ тілінде болғандықтан қонақтар да қазақ тілінде өнер көрсетті.
Ертұғырыл Дыраганлы, Түркия командасының мүшесі:
- Түркі менталитетпен біздің әзілдеріміз бар. Түріктердің көзімен Қазақстан, қазақтардың көзімен Түркия туралы әзілдеріміз бар. Ойындарымыз бар. Соларды ойнап халықты күлдіреміз деп ойлаймыз.
Нұрдин Қадыров, "Лидер" командасының мүшесі /Қырғызстан/:
- Бізде Қырғызстанда «Көңілді жігіттер» деген лига бар, жетекшіміз Қадыр Жарматов деген ағамыз, сол жақтың Есен ағасы ғой. Аға осы Қазақстанға Turki Cup түркі тілділердің ойыны болады, барасыңдар ма дегеннен бір команда Баткен облысынан келді, біз Бішкек шаһарының атынан келдік.
Кешті Есен Елеукен жүргізді. Бауырлас елдердің бірлігін арттыруға арналған TURKI CUP-2025 фестивалінің жеңімпаздарын қазылар алқасы анықтады. Топжарған командалар ақшалай сыйлыққа ие болды.
Оңдасын Құлымбетов, Қазақстан КВН одағы Алматы филиалының директоры:
- Алматы қаласы Түркі мемлекеттері арасындағы жастар астанасы болып бекітілді ғой. Соның аясында өтіп жатыр осы бір фестиваліміз. Бауырлас мемлекеттердің бірігуі, тәжірибе алмасуы, жастар саясаты деңгейін өсіру осы мақсатта бірігу. Бір-бірімізге деген құрмет, дәстүр алмасу, тәжірибе алмасу.
Жайдарманшылардың жарысы былтыр Өзбекстанда өтті. Жақсы бастама игі дәстүрге айналады деген үміт бар. TURKI CUP-2025-тің телевизиялық нұсқасы жақында «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев