Президент Наталия Сац атындағы театрды 80 жылдық мерейтойымен құттықтады

«Сац. Бір репетицияның шежіресі». Астанада осындай атаумен бірегей қойылым көрсетілді.

Алматылық Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының қойылымы көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Құрылғанына 80 жыл болған театр ұжымы мерейтойлық сапармен бұған дейін Мәскеуде де өнер көрсеткен. 

80 жылдық тарихы бар театр гастрольдік сапармен еліміздің барлық қаласында өнер көрсетпек. Бүгін «Астана Балет» театрының сахнасында бір қойылымның шежіресін ұсынды. Аңызға айналған ұжымды мерейтойымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Президенттің құттықтау хатын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Мемлекет басшысы театрдың балалар өнерін дамытудағы рөлін, ағартушылық миссиясын және елдің рухани өміріндегі маңызын ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздердің сан қырлы шығармашылықтарыңыз еліміздің мәдени дамуына, қоғамымызда жасампаздық пен гуманизм құндылықтарының орнығуына айрықша үлес қосып келеді. Мемлекет театрды мәдениет ошағы, өнер мен адамға адал қызмет етудің рухани кеңістігі ретінде қабылдайтын көзқарастарыңызды жоғары бағалайды.

Сонымен қатар театр қызметкерлеріне Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік наградалар табысталды. Марапатты Аида Балаева табыстады. Министр ұжымға шығармашылық табыс тіледі. Астана көрермендеріне театрдың негізін қалаушының өміріне негізделген «САЦ» спектакль-реконструкциясы ұсынылды. Қойылымда Қазақстандағы алғашқы балалар мен жасөспірімдер театрының ашылуы қарсаңындағы дайындық барысы бейнеленген.

Александр Русинович, театр әртісі:

- Театр Қазақстанмен қатар халықаралық аренада өнер көрсетіп жүр. Біз Наталья Сацтың ізін жалғастырушымыз деп мақтанышпен айта аламыз. Бүгін өзім театрдың мерейтойына орай мемлекеттік зор марапатқа ие болып отырмын. Алғысым шексіз.

Ирина Симонова, театрдың бас режиссері:

- Бұл – Наталия Сац деген сүйіспеншілік пен ілтипаттың көрінісі. Ол балалар театрының негізін қалап, бірнеше буынды тәрбиелеген айтулы тұлға. Біз оның жан дүниесіндегі көріністі жеткізуге тырыстық. Сац өз өмірін театр мен жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған адам.

Театрдың жетекші әртісі Мақсат Сахиұлы бұл гастрольдік сапар шығармашылық ізденіс пен мәдени үндестік сыйлады дейді.

Мақсат Сахиұлы, театр әртісі:

- Халық, көрермен өте жылы қабылдады. Біздің спектакльде не айтқымыз келді бәрін түсінді. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Өйткені көрерменді сендіру оңай нәрсе емес. Өте керемет қабылдады.

Сексен жыл ішінде театр үлкен қалыптасу жолынан өтті. Оның сахнасында Шварц, Пушкин, Маршак, Толстой және заманауи авторлардың туындылары қойылды. Осы театрда тәрбиеленген ондаған актер бүгінде қазақстандық сахна жұлдыздарына айналды.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Артур Горняков