Сатирик Табыл Құлыястың «Таңдамалы» кітабының 6-томы жарық көрді
Қазақ сатирасының көрнекті тұлғасы Табыл Құлыястың 90 жылдығына орай "Таңдамалы" кітабының кезекті 6-томы жарық көрді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында өткен тұсаукесер рәсіміне жазушының көзін көрген замандастары, қоғам қайраткерлері, медиа саласының майталмандары және депутаттар қатысты. Олар ойы ұшқыр автордың шығармашылығын талқылап, сағынышқа толы естеліктер айтты. Мансап жолын Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан бастаған Табыл Құлыяс Қазақстанның бірқатар өңірінде меншікті тілші және редактор болып қызмет етті. Жүрген жерінде кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, жазушылық жұмысты да қатар атқарды. Ол отандық журналистикаға қаһармандық еңбегімен үлес қосқан бірден бір тұлға, дейді зиялы қауым.
Кенжеғали Мыржықбай, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, опера әншісі:
- 1996 жылдың май айында концерт біткеннен кейін бір қара шашты, мұртты, әдемі адам шығып, залға қарап сөйледі. Бірінші рет қазақ әншінің жеке концерт бергенін көріп тұрмын. Бұл болашақ Астана, ойланыңдар деп өктем сөйледі. Мен танымадым неге өйтіп тұр деп. Кейіннен араласып байқасақ, өте ұлтжанды азамат екен.
Серік Негимов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бір өзі энциклопедия, бір өзі тұнып тұрған тарих. Сондықтан бұл кісінің Табыл Құлыястың қолынан туған сатиралық романдар, хикаяттар, повестер, фельетондар бұл біздің қоғамымыздың айнасы.