Көзге көрінбейтін сұлулық

Суреттер сөйлейді. Астанада фотосуретші Анель Базылованың адам жанын, бейнелеу өнері арқылы баяндайтын көрмесі өтті. Негізгі тақырып – әйел заты. Оның өмірі мен өнегесі. Тағдыры мен тартысы.

Мұнда көріп тұрғандарыңыздай бірнеше сурет қойылған, әрқайсысының өз айтары бар. Мәселен, «Сұлулық үнсіздігі» туындысындағы кейіпкер – нашар еститін жандар арасында жеңіл атлетика мен жүзуден Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Автор сыртқы ерекшелікке емес, адамның ішкі күшіне назар аударуды, кейіпкерлерді тең әрі толыққанды тұлға ретінде көрсетуді мақсат еткен. Көрмеде түрлі диагнозы бар әйелдер бейнеленген, бірақ әр суреттен сенімділік пен өмірге құлшыныс көресіздер. Бұл туындылардың авторы – Анель Базылова. Ол қоғамның көлеңкеде қалған шындығын да, сән әлемінің жарқыраған келбетін де қатар түсіретін фотосуретші. Бірақ оның кадрларынан жылтыр өмірдің жасанды бояуын емес, адамның жан сұлулығын көресіз. Әр суреттің артында күрделі тағдыр, шырмалаң өмір жатыр. Фотосуретші сол үнсіз күресті көрсетеді.

Анель Базылова, фотосуретші:

- Бұл көрменің атауы «Мен жаныңдамын». Негізі бұл менің «Бол» деп аталатын жобама сілтеме. Бұл сирек кездесетін генетикалық ауруы бар және онкологиялық статусы бар әйелдер туралы жоба. «Мен жаныңдамын» атауы «Бол» сөзімен үндес. Себебі мен әр әйелдің «Мен сұлу әйелмін» деген үнін жеткізгім келді. Маған осы атау ғана жобаның мәнін дәл ашатындай көрінді.

Көрмеде бір жобаның аясында түсірілген 23 фототүсірілім, сегіз әйелдің тағдыры ұсынылған. Ондағы кейіпкерлер - түрлі сырқатқа шалдыққан жандар. Бірақ, олар да қоғамның теңқұқылы мүшесі. Автор келер күннен күдерін үзбеген жандардың ерік-жігерін, ішкі жан дүниесін осы суреттер арқылы жеткізуге тырысқан.  Әйел қандай жағдай болмасын, табиғаты - тылсым да терең, парасатқа толы жан дейді.

Анель Базылова, суретші:

- Қазір сеніммен айта аламын, менің алғашқы кейіпкерім – ең басты мотивация болды. Ол екінші және кейінгі кейіпкерлерді табуыма көмектесті. Оның жұмысы мен үшін өте қымбат. Себебі дәл сол түсірілім оның өмір үшін ұзақ күресінен кейінгі алғашқы фотосессиясы екен. Бүгін мен соңғы жобам – «Күнге қарай ұмтылу» фильмімен де таныстырамыз. Бұл – жас суретшінің тарихы. Ол – Даун синдромы бар қыз.

Бүгінгі көрмеде халықтың қарасы көп. Көрермендер туындыларға терең үңіліп, суреттердің мән-мазмұнына бойлады. Келушілердің авторға деген ықыласы жоғары.

Сануржан Сүлейменов, көрермен:

- Бүгін Анель Базылованың көрмесі болып жатыр. Осы тақырыпты көтерген мен үшін маңызды, инклюзивті достарым бар. Айта кететін жайт, Астанада сол инклюзивті қоғаммен шығармашылық адамдардың байланысы ерекше сезіледі.

Салтанат Әскербекқызы, көрермен:

- Фотодокументалистика мен бүгінгі сән эстетикасы дейміз ғой, соны біріктірген бір ерекше адамның ішкі сезімін жеткізетін жұмыс. Баршаңыз келіңіздер, көріңіздер!

Автор әйел затын ешқашан бөліп-жармайдытынын айтады. Себебі  әйел – ең алдымен адам. Қоғам көбіне тек сыртқы көрініске ғана мән береді, бірақ шын мәнінде адамның құндылығы – ішкі ерік жігері мен жүрегінде. Анель Базылова дәл осыны көрсеткісі келеді. бүгінгі көрменің түпкі мақсаты да осы - әйел қандай жағдайда да сұлу болып қала береді.

Авторлары: Асылжан Құрманғали, Самат Қазанбаев