Павлодар облысында «Күй күмбірі» челленджіне 30 мыңға жуық домбырашы қатысты

Павлодар облысында дәстүрлі «Күй күмбірі» музыкалық челленджіне барлық мектептерден 30 мыңға жуық домбырашы қатысты.

Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған мәдени шара жастардың ұлттық өнерге деген ерекше қызығушылығын көрсетті. Жас орындаушылар қазақтың көрнекті композиторларының таң-даулы күйлерін орындап, ұлттық мұраны насихаттауға зор үлес қосты. Ал облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінде өткен өнер мерекесінде 500 өнерпаз бір мезетте күй тартты. «Күй күмбірі» музыкалық челленджі домбыраның тек музыкалық аспап емес, қазақ халқының рухани болмысының ажырамас бөлігі екенін, тағы бір мәрте айқындай түсті.

Диас Қайыркен, студент:

- Мен үшін бұл челленджге қатысу үлкен бір мәртебе, құрмет болып саналады. Себебі мұндай 500 адам қатысу бұл үлкен жоба деп ойлаймын, себебі бұған төрт жыл болды қатысып жүргеніме, оның алдында 200 ғана домбырашы болған, биыл 500 адам қатысып жанына өзіміздің қазақтың ұлттық аспаптары, тек қана домбыра емес қобыз, қылқобыз және жетіген сияқты аспаптарымыз да қосылды.

Серік Сыздықов, музыкалық колледж, мектеп-интернаты кешенінің директоры:

- Бір мезетте 500 домбырашы біздің «Тепеңкөк», «Әлқисса», «Сарыарқа», «Көроғлы» сияқты шығармаларды орындайтын болады. Бұл енді сөзсіз біздің өскелең, келешек ұрпақтың алдында біздің ұлттық өнерімізді, дәстүрлі музыкамызды, домбырамызды ұлықтайтын мерекеге арналады.