Бельгиядағы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері Наурыз мерекесімен құттықтады

Корольдіктегі Диарстар фан клубының мүшелері Ұлыстың ұлы күніне орай Брюссельдегі Қазақстан елшілігіне жиналды. 

Солардың бірі Уэ́нди Мха́зек сүйікті әншісіне аса қадірлейтінін көрсету үшін қолына көк байрағымызда бейнеленген күн мен қыранды қолына таңбалап алған. 

Уэ́нди Мха́зек 47 жаста, 3 баланың анасы. Брюссельде үй жинап, нәпақасын табады. Бос уақытында музыка тыңдайды. Әлеуметтік желі арқылы Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен танысып, өнеріне тамсанған. «Әнші арқылы өзіме Қазақстанды аштым, мемлекеттің бай мәдениеті мені ерекше баурап алды», - дейді Уэнди. Димаштай ұлды дүниеге әкелген қазақ халқына және ұлы дала еліне деген шынайы махаббатын жеткізу үшін қолына туымыздағы шұғылалы күн мен қалықтап ұшқан қыранды таңбалап алған. Білегінде де қазақша сөздер бар.

Уэнди Мхазек, Бельгия азаматы:

- «Әлемде бірлік болсын! Бейбітшілік жасасын!» деп жаздырып алдым. Өйткені Димаш жеке концерттерінде үнемі осы сөздерді айтып жүреді. Оның шығармашылығы менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Концерттеріне қалмай бару үшін шылым тартуды да қойдым. Мен Қазақстанда екі рет болдым.

Димаштың Бельгиядағы Диарстар фан клубының құрылғанына 5 жыл болды. Жанкүйерлер елшілік ұйымдастырған іс-шаралардан қалмай түгел қатысып, қолдау білдіреді. Қазақша өлеңдер оқиды, ән шырқайды. Қазақстанның және сүйікті әншісінің танымалдылығын арттыруға әрдайым атсалысып отырады.

Хайди Фуруимп, Димаш фан-клубының президенті:

- Елшілік жанында орналасқан Қазақ мәдени орталығында жиі жиналамыз. Қазақ тілін үйреніп қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрлеріңіз бен мерекелеріңіз жайлы ақпарат аламыз. Тарихы терең, тағылымы мол Наурыз мейрамы туралы да біраз мағлұматқа қанықпыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандықтарды көктем мерекесімен құттықтағымыз келеді. 

Араларында Қазақстанға саяхаттап, қонақжайлығымызға тәнті болғандар көп. Диарстардың ендігі арманы дүлдүл әншіні Брюссель сахнасынан көріп, қошемет-құрмет көрсету.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы