Сәуірде «Франкофония көктемі» фестивалі өтеді
1-30 сәуір аралығында Шымкентте «Нотр-Дам де пари соборын қалпына келтіру» көрмесі өтеді.
Онда тұрғындар ғимараттың қалай қалпына келтірілгені, құрылыс жұмыстары қалай жүргені туралы ақпаратпен қанығады. Осы мақсатта эсклюзивті бейнелер мен фотосуреттер әкелінген. Бұл туралы Қазақстандағы Франция Елшілігінде өткен баспасөз мәслихатында хабарланды. Шара француз тілі мен франкофон мәдениеттерінің көптүрлілігіне арналатын Франкофония көктемі фестивалі аясында өтеді. Оның бағдарламасына кинокөрсетілімдер, концерттер, конференциялар, әдеби кездесулер, көрмелер және француз тілінен түрлі сайыстар енді. Мерекелік шараны еліміздің бірнеше қаласында өткізу жоспарланған. Дипломаттар осылайша қос ел арасындағы мәдени байланысты нығайтып, азаматтардың француз тілін үйренуге қызығушылығын арттыру көзделіп отырғанын мәлімдеді.
Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Француз тілі - әлемде кең таралған төртінші тіл. Қазір оны 400 млн адам қолданады. «Франкофония көктемі» фестивалін өткізу арқылы біз сіздерге француз тілінің байлығын паш етіп, мәдениетімізді танытқымыз келеді. Сондықтан бұл шараның маңызы зор.