Kazakh Quartet Парижде аншлаг жинады

Ғазиза Жұбанова атындағы Қазақ мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті мерейтойлық әлемдік турнесін Еуропадағы концерттер сериясымен қорытындылады.

Атақты ұжым Париждегі көне Корто залында өнер көрсетті. Музыканттар әлемдік классика жауһарларымен қатар қазақ композиторы Ғазиза Жұбанованың шығармаларын орындады. Кештің шарықтау шегі - пианист Людмила Берлинскаямен бірге шырқалған Шостаковичтің фортепианолық квинтеті болды. 

Қазақстанның жетекші ішекті аспаптар квартеті тағы да ғасырға жуық тарихы бар Альфред Корто залының сахнасында. Дәл осы жерде жарты жыл бұрын ұжымның мерейтойлық әлемдік турнесі басталған еді. Музыканттар рухани ұстазы Валентин Берлинскийдің 100 жылдығына арналған фестивальге қатысқан. Испания мен АҚШ-тағы бірқатар концерттерден кейін, гастрольдік сапар Париж бен Амстердамдағы кештермен қорытындыланып отыр.

Ернар Мыңтаев, Квартеттің көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- 1995 жылдан бері, концерттік маусым басталғалы бері квартеттің мемлекеттік статус алғанына 30 жыл болды. 30 жылдығымызды ерекше атап өтейік деп, әлемдік концерттік тур басталды. Ерекше дайындалдық, қолдаушыларға ерекше алғыс, Астана филармониясы, Жамбыл атындағы филармония, Елшіліктер, Қазақстанның Франциядағы Елшілігіне, Нидерланды Корольдігіндегі Елшілігіне бар шаралардың жүзеге асып жатқанына алғыс айтамыз.

Кеш бағдарламасы еуропа мен қазақ музыкасының кеңістігін тоғыстырды. Сахнада Шуманның квартеті, Ғазиза Жұбанованың №1 ішекті квартеті және Шостаковичтің фортепианолық квинтеті орындалды. Қазақстандық ұжым Шостакович шығармасын кеш ұйымдастырушыларының бірі - пианист Людмила Берлинскаямен бірге ұсынды.

Людмила Берлинская, Пианист, РФ Еңбек сіңірген әртісі:

- Мен Париждік көрермендер мен камералық музыка сүйер қауым Қазақстан квартетін жақынырақ таныса екен деп қаладым. Ұжымды әлемге кеңінен таныту қажет. Қазіргі таңда дарынды музыканттар өте көп, ал көрерменнің назарында болу оңай емес, соңдықтан жаңа есімдерді тану үшін осындай концерттер керек.Сондықтан олардың бүгін Парижде, ертең Амстердамда өнер көрсетуі - өте маңызды деп ойлаймын.

Париждегі ерекше акустикасымен танымал Корто залының бағдарламасына ену Қазақстан Елшілігінің және серіктестердің қолдауымен іске асырылды. Олардың қатарында қазақстандық ұжымды өз фестивалдеріне шақырып жүретін La Clé de Portes қауымдастығы бар.

Паскаль Жермонд, La Clé De Portes қауымдастығының президенті:

- Бұл ұжымды 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қабылдау - біз үшін үлкен мәртебе. Бұл концерт қазақ музыкасының тереңдігін сезінуге мүмкіндік. Ол әлі толық танылмаған бағыт, сондықтан жүйелі жұмыс қажет.  Әріптестікке үлкен мүмкіндік бар. Осындай концерттер - соның нақты көрінісі.

Анна, көрермен:

- Бұл кеште бәрі үйлесім тапты: залдың атмосферасы, бағдарламаның сапасы және әрине музыканттардың шеберлігі. Нағыз виртуоздар. Қазақ композиторы Жұбанованың шығармасы ерекше әсер қалдырды. Қазақстанды білмесем де, өзімді кең далада жүргендей сезіндім. Музыкадан қуат, терең эмоция алдым.

Жан, көрермен:

- Біз бұрын-соңды қазақ композиторының музыкасын тыңдамағанбыз. Әсер - керемет! Квартет өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Қазақстан туралы естігенбіз, себебі немереміз сол жақта тұрған. Бүгін осы елдің музыкасын алғаш рет тыңдадық. Рахмет!

Көрерменнің ыстық ықыласы мен ұзаққа созылған қошеметі - мерейтойлық турненің табысты өткенін аңғартады. Қазақ квартетінің өнері Еуропа сахналарында  көрерменін тауып келеді. Демек ұжымның халықаралық деңгейдегі беделі артып, алдағы гастрольдерінің ауқымы кеңейе бермек.

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан