Түркістанда суретшілер симпозиумы басталды
Түркістанда ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Ұлылардың отаны» атты халықаралық суретшілер симпозиумы басталды.
Облыстық бейнелеу өнері музейі ұйымдастырған іс-шараға Ресей, Түркия, Әзерайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің барлық өңірінен 30-ға жуық қылқалам шеберлері жиналды. Мақсат – Оңтүстік өңірден шыққан ұлы тұлғалардың, батырлар мен билердің, қоғам қайраткерлері мен спорт саңлақтарының тарихи бейнесін кенеп бетіне түсіру арқылы олардың өмірі мен мұрасын қайта жаңғырту, көпшілікке кеңінен насихаттау. Ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың бейнесін кәсіби суретшілердің шығармашылық көзқарасы арқылы жаңа қырынан таныту, әр елден келген суретшілер арасында шығармашылық тәжірибе алмасу. Байқау шарты бойынша суретшілер өздерімен ала келген шығармаларын осында аяқтайды. Одан бөлек, Түркістанның тарихын бейнелейтін көлемді бір сурет салуы тиіс. Туындылар «Керуен сарай» кешенінде өтетін халықаралық көрмеде таныстырылады.
Намиг Мамедов, Әзірбайжанның халық суретшісі:
- Мен бұл симпозиумға 2-ші мәрте қатысып отырмын. Біз үшін өте маңызды шара. Әр елден келген әріптестерімізбен танысып, тәжірибе алмасып жатырмыз. Мен өзімнің «Көктем» деген шығармамды ала келдім. Ал мұнда қандай сурет салатынымды ойша пісіріп, дайындық үстіндемін. Тек кенеп бетіне түсіру қалды. Маған қазақтың кең даласы ұнайды.
Айнабек Оспанов, шығармашылық топ жетекшісі:
- Бүгін осы симпозиумға 20 картина келіп отыр. Қалған уақытта олар біздің елді, жерді тану үшін тақырыптық, пленарлық жұмыстар жасайды. Бір аптаға созылады, осы уақыт ішінде жүзден аса жұмыс меншігімізге өтеді. Бейнелеу өнері музейінің қорында 2,5 мыңнан аса құнды картина бар. Батыс өнері бар, кеңес дәуіріндегі суретшілердің жұмысы және Тәуелсіздік алған кезеңдегі жұмыстар бар.