БАӘ-де Қазақстан жайлы кітап жазылып жатыр

Біріккен араб әмірліктерінде Қазақстан жайлы кітап жазылып жатыр. Бұл істі жергілікті публицист Абдулрахим Абдулвахид қолға алған.

Ғалым кезекті туындысын қазақ пен арабтың рухани құндылықтары мен тарихи тамырластығына арнамақ. Жинақ негізінен еліміздің ішкі және сыртқы саяси қатынастары, сондай-ақ экономикасы мен әл-ауқатын араб оқырманына кең танытуды көздейді.

Шарджаның орталығында орналасқан бұл көшедегі үйлерде жергілікті зиялы қауым өкілдері тұрады. Солардың бірі – біздің кейіпкер. 40 жылдай мемлекеттік медиа мекемеде қызмет еткен журналист әрі публицист. Елде және әлемде болып жатқан жағдайларды ұдайы назарда ұстайтын ол кейде сарапшы ретінде ой-пікірін де жариялайды. Қазақстанға бірнеше рет барып, мазмұнды еңбектер жазған. Тарихқа сапар шеккен. Ғылыми еңбектерінің бір бөлігі әйгілі Бейбарыс Сұлтанға арналды.

Абдулрахим Абдулвахид, «Media Hub International» компаниясының бас директоры, публицист:

- Бейбарыс Сұлтан - қазақ пен арабқа ортақ тау тарихи тұлға. Өз дәуірінің заңғар көшбасшысы, иелегіндегі ел мен жерді шебер басқарған билеуші. Мұның барлығына мен өз зерттеуім кезінде нақты көз жеткіздім. Тарихи орындар мен кітапхана, архивтерді көп аралап, ой-пікір, білген-түйгенді түгел 2020 жылы шыққан кітапқа жинақтадым. Еш демеушісіз жарық көрді. Каирде 2 мың данасы тегін таратылды. Бұл жерден оқырман атақты сұлтан жайлы жай ғана мақтау-мадақты емес, дерек пен дәйекке сүйенген мәлімет, ғылыми зерттеуді оқиды.

Автордың айтуынша, Қазақстан – араб әлеміне ұлттық болмысы және құндылықтарымен жақын. Өзара қарым-қатынас тамыры терең. Мұндағы қоғамды еліміздің тәуелсіздік жылдарда қол жеткізген жетістіктері бей-жай қалдырмады. Әсіресе ғылым жолына түсіп, Орталық Азия, соның ішінде Қазақстанға бар назарын бұрғандар бар.

Абдулрахим Абдулвахид, «Media Hub International» компаниясының бас директоры, публицист:

- Қазақстанға деген қызығушылығым тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде басталды. Сол уақыттан бері елдің саяси және қоғам дамуын үздіксіз бақылап келемін. Орталық Азия, Қазақстан және Әзербайжан негізгі зерттеуіме арқау болды. Жалпы қазақ халқының болмысы мен мәдениеті мені ерекше қызықтырады. Өйткені оның араб дүниесімен ұқсастығы көп. Енді сіздің мемлекет жайлы жаңа кітап жазуға кірістім. Бұл еңбекте мемлекеттік саясат, экономика, әлеуметтік даму және халықаралық қатынастар жан-жақты қамтылады. Араб оқырманына Қазақстанды қуатты мемлекет ретінде танытамын.

Қаламгер бұл мақсатына көп ұзамай жетуді көздейді. Әзірге ауқымды жазбаның 60 пайызы аяқталған. Жарыққа шықса, араб тілінде Қазақстан жайлы жазылған бірден-бір туынды атануы әбден мүмкін.

Авторы: Рауан Мыңбай