Қазақстанда Ресей киносының апталығы өтіп жатыр
Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Ресей киносы фестивалі басталды.
Фестиваль бағдарламасы 26 сәуірге дейін жалғасып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған.
Жарқ-жұрқ еткен камера, қызыл кілем. Бүгін елордадағы кинотеатр ресейлік кино жұлдыздарын қарсы алды. Төрт күн бойы көрермендерге түрлі жанрдағы фильмдер ұсынылмақ. Іс-шараның ашылуында «РОСКИНО» бас директоры Эльза Антонова Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимованың құттықтау хатын оқып берді. «Қазақстандағы Ресей киносы фестивалінің өткізілуі өнер мен кинематография арқылы ынтымақтастығымызды арттыра түсуге жол ашады. Бұл жоба мәдени алмасуды жандандырып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен рухани үндестікті тереңдете түседі», – делінген құттықтау хатта.
Эльза Антонова, Роскино бас директоры:
- Бізде жаңа идеялар мен жобалар көп. Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы бірлескен жаңа жобалар туралы келісімдер белсенді талқыланып келеді. Бұл біз үшін маңызды қадамдардың бастауы болмақ. Қазірдің өзінде жоспарымыз қарастырылып жатыр.
Эльза Антонова «РОСКИНО» жыл сайын әлемнің бірқатар елінде Ресей киносы фестивальдерін өткізетінін, алайда Қазақстандағы фестивальдің орны айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламаға бүгінде Ресейде прокатқа шығып, қалың көрерменнің жоғары бағасына ие болған және заманауи ресейлік киноның жанрлық алуандығын көрсететін фильмдер енгізілген. Фестивальдің ашылуында «Первый на Олимпе» спорт драмасы көрсетілді. Төрт күн бойы көрермендерге әртүрлі жанрдағы жеті ресейлік фильм тегін ұсынылады.
Антон Савватимов, актер:
- Мені мұнда арнайы шақырды, мен қуана келістім. Бір жыл бұрын Алматыда театрмен гастрольде болғанмын. Қазақстан маған ұнайды – мәдениеті бай, адамдары өте жақсы.
Алғашқы көрсетілімнен кейін киносүйер қауым танымал туынды әртістерімен кездесті. Қолтаңба алып, естелік суретке түсті. Фестиваль «Қазақстандағы Ресейдің мәдениеті күндері» аясында өтіп жатыр. Шара 26 сәуірге дейін жалғасады.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Бағдар Қайыркен