Жыр жүйрігі Ә. Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толды

Биыл жыр жүйрігі Әбікен Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толды. Жетісу облысында айтыскер ақынның ғасырлық мерейтойына арналған мәдени іс-шаралар басталды. 

Текеліде өткен «Ақын жайлы ақжарма әңгіме» атты тағылымды жиында ұлт перзентінің шығармашылығы насихатталып, естеліктер айтылды.

Текелі қаласының оқушылары айтыстың алдаспаны Әбікен Сарыбаев туралы ақынның өз ұлдарынан естіп білді. Әсибай Сарыбаев пен Серік Әбікенұлы әке шығармашылығы жайлы ой толғап, өмірбаяны мен өсиетінен де сыр шертті. 

Әсибай Сарыбаев Ә. Сарыбаевтың ұлы:

- Әке ретінде ол кісінің берген тәрбиесі өте зор болды. Айтқан ақылы әлі күнге дейін біздің ойымызда. Әрдайым «Балаларым адал еңбек етсеңдер, жемісін жейсіңдер» дейтін. Әкем бізге қандай іс істесең де табандылыққа адамдыққа үйреткен болатын. Өтірік айтпауға, адамгершілік танытуды, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасауды үйретті. 

Әбікен Сарыбаев 1926 жылы Күреңбел өңірінде дүниеге келген. 15 жасынан қолына домбыра алып, шаршы топқа түсіп, Қалқа Жапсарбаев, Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаевтың батасын алған. Кейін республикалық айтыстарға қатысып, саф өнердің қайта жандануына атсалысты. Халық ауыз әдебиетін таспалатып, сақтауға үлес қосқан тұлғаның өлеңдер жинағы көпшілікке тарту етілді.  

Ақмарал Бекейқызы, оқушы:

- Әбікен Сарыбаев туралы бұрын соңды естігенім бар. Ол кісі Жетісудың атын шығарған дүлділ ақын екені белгілі. Ол кісінің туған ұлдарын асқар таудай тұлғаларды көре отырып, мен ол кісімен тіпті жақын танысқым келеді. Сол үшін де кітабы маған бұйырған екен. Ал енді осы кітаппен ары қарай танысып, ол кісі жайлы деректерді жинауға тырысамын. 

«Жыр жүйрігі – Әбікен» атты кітаппен қатар журналист Серік Әбікенұлының «Жетісу жазбалары», «Жалғыз арша» атты туындылары қалалық және мектеп кітапханаларына табысталды.  

Рахила Амангелдіқызы, Текелі қалалық кітапханасының директоры:

- Өзіміздің кітапханаға 30 дан астам кітаптарын сыйға тартты. Сол кітаптарды біз өзіміздің кітап қорымызға өңдеп, ары қарай жас ұрпақпен бөлісіп, насихаттаймыз.

Қуат Құдайбергенұлы, Текелі қаласының тұрғыны:

- Қазақтың көрген қорлығы «геноцид» деп айтуға болады. Осының бәрі Серіктің кітаптарында жинақталған. Осыны оқыған адам ой түйеді. Кейінгі жастар осы кітапты оқыса, тәлім тәрбие алса, жолдан адаспайды. 

Бұл – өз дәуірінің үнін жырлаған Әбікен Сарыбаевтың ғасырлық мерейтойына арналған мәдени іс-шаралардың бастамасы. Ақынның шығармашылығы мен ұлт руханиятына қосқан үлесі енді облыстық және республикалық деңгейде насихатталады. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов