Астанада «Үш ұрпақ сәулеті» көрмесі ашылды
Елордада Сәулетшілер одағының 90 жылдығына арналған «Үш ұрпақ сәулеті» көрмесі ашылды.
Экспозицияда кеңестік дәуірдегі және тәуелсіздік жылдарындағы заманауи архитектуралық шешімдер таныстырылды. Көрмеде қазақстандық сәулет өнерінің негізін қалаған мамандардың еңбектерімен қатар, бүгінгі белгілі архитекторлардың жобалары да қойылған. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарында Қазақстан сәулет өнері бұрынғы КСРО аумағында кеңінен танылды. Алматыдағы «Достық» даңғылының кешенді құрылысы, Республика сарайы, «Қазақстан» қонақ үйі мен «Медеу» кешені сынды нысандар қала келбетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Ал кейіннен салынған үздік жобалар қатарында елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы, Бәйтерек, Хан Шатыр және Әзірет Сұлтан мешіті аталады. 1936 жылы Сәулетшілер одағы құрылды. Ұйым елдегі құрылыс саласын дамытуға үлес қосып, сала мамандарының мүддесін қорғап келеді. Одаққа 500-ге тарта сәулетші мүше.
Ғабит Садырбаев, ҚР Сәулетшілер одағы басқармасының президенті:
- Болашақта біздің архитектурамыз, қала құрылысын бүгінгі студенттер жолымызға, орнымызға келіп жалғастырады. Студенттеріміз көрсін, сенім болсын, ертең мен осындай архитектор боламын деген сенімі үлкен болсын деген мақсатта осы көрмені ұйымдастырып жатырмыз. Бұл көрменің жалғасы Қарағандыда болады. Одан кейін Түркістанда болады.
Төлеген Әбілдә, Қазақстанның құрметті сәулетшісі:
- Бірінші салған объектім Алматыдағы Пионерлер сарайы. Сол жерде мен үлкен мектеп өнерін алдым. Астанаға көшкен соң конкурстан әкімдік ғимаратын жеңіп алдым, сосын 74 қабатты ҚТЖ ғимаратын салдым. Сосын циркті, бульварды, бірінші келіп жұмысты бастадық.