Р. Бағланова атындағы халықаралық байқау жеңімпаздары марапатталды

Елордада Роза Бағланова атындағы халықаралық вокал байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Үздіктерге ақшалай сертификаттар табысталды. Кей орындаушылар өнер иесінің отбасы тағайындаған арнайы сыйлықтарға ие болды. Байқауда елдің түкпір-түкпірінен іріктелген өнерпаздар бақ сынады. Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан да өнерлі жастар қатысты. Ән сайысына көрнекті өнер майталмандары қазылық етті. Игі шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау білдірді. Ұйымдастырушылар еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналған бұл жоба Роза Бағланова мұрасының тек Орталық Азияда ғана емес әлемге танылуына үлес қосады деген сенімде.

Ақан Абдуалиев, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының директоры:

- Мәдениет және ақпарат министрлігінің үлкен іс-шараларының кестесінде тұрған бірден бір іс-шара осы Роза Бағланова атындағы байқау. Жариялағаннан кейін 137 өтінім түсті. Жиырмасы финалдық ақтық сайысқа өтіп, бүгін соның жеңімпаздары анықталып отыр. Екі жылда бір рет болып отырады. Келесі үшінші байқауда біз ойлаймыз бұдан да көп қатысушылар және де бұдан да жоғары деңгейде өтеді деген үміттеміз. 

Нұргүл Жұмахметқызы, қала тұрғыны:

- Өте жоғары деңгейде концерт тамашаладық. Роза апамыздың әнін шығып бара жатсақ та қимай-қимай балалық шағымызға оралып, әдемі көңілмен анамды алып шығып бара жатырмын.