Елімізде голливудтық туындының баламасы түсіріледі

Қазақстандық режиссерлер голливудтың әйгілі «Чарли және шоколад фабрикасы» картинасының баламасын түсіреді. 

Оның атауы «Қосшығұлов шоколад фабрикасы». Отандық фильмге 20-шы ғасырда Ақмола өңірінде кәсіпкерлікпен айналысқан Қосшығұловтар әулетінің тарихы арқау болған. Мемлекеттің қолдауымен түсіріліп жатқан картинада қазақ даласындағы кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуы көрсетілмек. Соңғы жылдары отандық кино саласында жаңа серпіліс пайда болып, көрерменге сапалы фильмдер көрсетіліп жатыр. Бұны киносыншылар да атап өтті. 

Соңғы 7 жылда отандық 149 кино жоба мемлекеттен қолдау тауып, қаржыландырылған. Оның 124-і сәтті аяқталды. Өзгелері әлі жұмыс барысында. Фильмдердің тақырыптары сан алуан. Тарихи оқиғалардан бастап, шекарашылар, орманшылардың қызметін баяндайтын туындылар да көрерменге жол тартпақ. 

Құрманбек Жұмағали, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы:

- Биыл 24 жоба жыл басынан бастап түсіріліп жатыр. Олардың 5-6 туралы айтар болсам. Мысалы, «38» деген қазақ киносы тарихындағы алғашқы рет орманшылардың еңбегі мен табиғатқа деген құрметін арқау еткен шынайы оқиғаға негізделген көркем фильм түсіріліп жатыр. Мамыр немесе маусым айларында  көрерменге жетіп қалар. 

«Қосшығұлов шоколад фабрикасы» деген үлкен картинамыз жұмыс бастады. Бұл алғашқы қазақ кәсіпкерлері туралы. Қосшығұловтар әулетінің тарихы туралы қазақ даласындағы кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуын, оның тарихи әлеуметтік маңызын көрсететін көркем фильм.

Отандық киноны қолдауға бөлінген миллиондар далаға кетіп жатқан жоқ. Керісінше, өзін ақтау үстінде. Мәселен, «Qaitadan» фильмі былтыр прокаттан 1 млрд теңге табыс тауып, жұмсалған қаржыны бес есе ақтап алған. Ал «Капитан Байтасов» 250 млн теңге жуық қаржы жинаған. Айта кету керек, осындай сапалы фильмдерді салаға жаңа леп әкелген жастар түсірген.

Құрманбек Жұмағали, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы:

- Соңғы кезде кинолардың қаражатына байланысты сұрақтар туындап жатады. Бұрындары миллиардтап жұмсадық, сол қаражат 1 киноға тұрарлықтай дүние ма. Министрлікпен бірлесе біз қолдайтын кинолардың қаражатына шектеу қойдық. Ал «Qaitadan» деген сияқты кинолар 190-250 млн төңірегінде қазір жастар жап-жақсы кинолар түсіріп жатыр.

Киноға жауапты мамандардың сөзінше, бүгінде қазақ тіліндегі фильмдер мен контеттің үлесі айтарлықтай арта түскен. Яғни халықтың ұлттық киноға деген қызығушылығы жоғары. 

Гүлнәр Әбікеева, киносыншы:

- Қазір прокаттағы кинолардың 50 пайызы – отандық өндіріс. Ал оның ішінде 80 пайызға жуығы қазақ тіліндегі картиналар. Бұл жерде кино саласындағы мамандардың ерен еңбегін аңғаруға болады. Бұл – қуантарлық жаңалық. Алайда сапасына қатысты, әрине көптеген сұрақтар бар.

Айта кету керек, соңғы жылдары киноөндіріс географиясы кеңейіп келеді. Яғни фильмдер дәстүрге сай Алматының төңірегінде емес, еліміздің әр өңірінде түсіріліп жатыр.

Авторы: Риат Шони