Астанада «Қазақстан – Франция 2026» музейтану форумы басталды

Елордада «Қазақстан – Франция 2026» музейтану форумы басталды.

Ұлттық музей алаңында тарихи-мәдени мұраны сақтау, цифрлық трансформация және музей ісін дамыту мәселелері талқыланып жатыр. Форумға Қазақстан, Франция, АҚШ және Орталық Азия елдерінен жетекші сарапшылар, музей директорлары мен ғалымдар жиналды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қазақстан – Франция 2026» музейтану форумы өз жұмысын бастады. Бұл басқосу IV Халықаралық Қазақстан музей конгресінің жалғасы саналады. Іс-шара тарихи-мәдени мұраны сақтау, музей ісін дамыту, инновациялар мен цифрлық жаңғыру мәселелеріне арналды. Форумның ашылуында Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиынның Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өтіп отырғанын атап өтіп, оның музей саласындағы кәсіби байланысты нығайтудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдени мұраны сақтау және насихаттау мәселесіне айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты. Форумның негізгі бағыттарының бірі – Қазақстан мен Франция арасындағы музей саласындағы ынтымақтастықты дамыту. Сондай-ақ цифрлық музей тақырыбына ерекше назар аударылды.

Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз бұл форумға өз саласының білікті мамандарын жинай алдық. Олар өз тәжірибесін, музейлерге келушілердің қызығушылығын арттыру, туристер мен тұрғындарды көбірек тарту, көрмелерді мазмұнды әрі тартымды ету жолдарын ортаға салады. Сондықтан бүгінгі кездесу – мәдениет саласындағы екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі байланысты одан әрі нығайтатын маңызды алаң.

Ауқымды шараға Қазақстанның барлық өңірінен музей мамандары қатысып жатыр. Сонымен қатар АҚШ-тағы Смитсон институтының өкілдері, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген белгілі сарапшылар, музей директорлары мен ғалымдар да форум жұмысына атсалысуда.

Валери Фрелан, ALIPH қорының атқарушы директоры:

- Бұл шараға қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Қазақстан – тарихи мұраға бай мемлекет. Сонымен бірге, ел аумағындағы климаттық ерекшеліктер археологиялық жәдігерлерге өзіндік әсерін тигізеді. Конгрестің басты мақсаты – музей саласының мамандарын бір алаңға жинап, халықтарымыздың тарихы мен мәдениетін бірлесіп дамытуға жол ашу.

Ұлттық музей директорының айтуынша, цифрлық трансформация – бүгінде әлемдік үрдіске айналған маңызды бағыт.

Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры:

- Музей бір орнында тұрмауы керек. Дамуы керек. Әлемдік тәжірибені зерттеу керек. Соның аясында біз халықаралық конгресіміз жұмысын бастады. Бүгін француздармен форум. Осы біздің француз әріптестеріміздің тәжірибесін тыңдап, жалпы осы музей саласын дамытуға қатысты мәселелер қаралады.

Қазір Қазақстанда 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Жыл сайын ел музейлеріне 6,5 миллионнан астам адам келеді. Бұл – халықтың тарихқа, мәдениетке және ұлттық мұраға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Арыстан Балтин, Медет Қуанышбеков