Алматы облысында «Zakon Reels – 2026» байқауы қорытындыланды
Алматы облысында «Zakon Reels – 2026» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында ұйымдастырылған сайыс жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған. Әлеуметтік желіге жүктеген бейнеролигі жүлдеге лайық деп танылған жеңімпаздар бағалы сыйлықпен марапатталды.
Бердібек Соқпақбаев атындағы №53 мектеп оқушысы Алина Әбдуғалиқызы облыста алғаш рет ұйымдастырылған «Zakon Reels – 2026» байқауының жеңімпазы атанды. Жетекшісі Лаура Наурызбаева екеуі «интернеттегі қауіпсіздік» тақырыбын таңдаған.
Алина Әбдуғалиқызы, байқау жеңімпазы:
- Балаларға арналған видеоролик болды. Эмоциям өте керемет. Мен негізі бірінші орын аламын деп ойламадым. Өте қуаныштымын.
«Zakon Reels – 2026» байқауын білім басқармасы мен облыстық прокуратура бірлесе ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – жастарды құқықтық сауаттылыққа үйретіп, құқықтық мәдениет пен «Заң мен тәртіп» үстемдігін қалыптастыру.
Рауан Махтаев, Қарасай ауданы прокурорының орынбасары:
- Байқаудың негізгі мақсаты – кәмелетке томағандар арасында құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру. Өзіндік ерекшелігі бойынша әлеуметтік маңыздылығы, актерлік шеберлігі, эмоционалдық әсері және құқықтық-ақпараттық сауаттылығының дұрыстығы бойынша бағаланды.
Ақмарал Атенбекова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Байқауымызға 150 мыңнан астам оқушыларымыз қатысты. Жүлделі орынға ие болған балаларымыз ноутбук, арнайы планшет, телефон сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталып жатыр.
Бұл жолғы байқау құқықтық жауапкершілік, заң мен тәртіп, ғаламтор желісіндегі қауіпсіздік, буллинг, құқықтық мәдениет тақырыбы бойынша өтті. Оқушылар мен студенттерді медиажобаларға ерте бастан араластырып, пайдалы контент қалыптастыруға арналған байқауға кәсіби мамандар қазылық етті.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов