«Кітап оқитын ұлт» жобасы халықтың ерекше ықыласына ие
«Хабар» арнасы зерделі ұлт қалыптастыру жолында бірқатар ірі жобаларды қолға алды.
Солардың бірі – 17 сәуірден бері «Оян» таңғы бағдарламасының эфирінен жарық көрген «Кітап оқитын ұлт» интеллектуалды-ағартушылық жобасы. Облыс әкімдері жобаға ерекше ықылас танытып, апта сайын эфирге қосылып, өз өңірлерінен шыққан ақын-жазушылардың кітаптарын таныстырып келеді. Ал сол кітаптарды оқып, арнайы әзірленген сұрақтарға дұрыс жауап берген көрерменге соңғы үлгідегі ұялы телефондар табысталып жатыр. Осы уақытқа дейін жобаның 7 шығарылымы жарыққа шығып, еліміздің 4 өңірінен жеңімпаздар анықталған. Игі бастамаға Абай, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Павлодар және Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының әкімдері жобаға ерекше қолдау танытып отыр. Көрермен тарапынан да қызығушылық өте жоғары. Жоба шеңберінде Қабдеш Жұмаділов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы және Әбіш Кекілбай сынды қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы туралы бейнематериалдар әзірленген.