Қазақстан-Оңтүстік Корея мәдениет апталығы өтіп жатыр
Алматыда Оңтүстік Корея елінің мәдениетіне арналған фестиваль басталды. Іс-шара аясында мегаполисте көрмелер, концерттер мен би сайыстары өтеді.
Өнер мерекесі үш күнге созылады. Фестивальдің шымылдығын корей елінің «Ариран» халық әні желісімен әзірленген театрландырылған концерті ашты. Оңтүстік Корея үшін бұл шығарманың тарихы тереңде жатыр. Мамандардың айтуынша, халық әні алты ғасыр бұрын пайда болған.
Фестиваль қыркүйек айында өтетін «Корея – Орталық Азия» саммиті қарсаңында ұйымдастырылды. Оны Оңтүстік Корея елінің Қазақстандағы елшілігі мен Корей мәдени орталығы ұйымдастырды. Мерекелік шараның алғашқы күнінде ұлттық бұйымдар, дәстүрлі тағамдар мен кәдесыйлар көрмеге қойылды. Онда келушілер корей халқының тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды.
Ку Бон Чхоль, Корей мәдени орталығының директоры:
- Осы аптаға үш шара жоспарлап отырмыз. Корей елінің өнерпаздары бүгінгі ашылу салтанатына арнайы келді. Олар Қазақстандағы корей музыкалық театрының әртістерімен бірлесіп өнер көрсетеді. Фестивальдің екінші күнінде K-Pop биіне қызығатын жастар арасында сайыс өтеді. Бас жүлдегер Кореяға жолдама жеңіп алады.
Фестивальдің алғашқы күнінде қойылған концерт «Ариран: Өткеннің жаңғырығы, бүгіннің үні» деп аталады. Атауының өзі корей халқының әйгілі халық әні «Ариранға» арналған. Тарихшылардың айтуынша, бұл шығарманың үш мыңға жуық нұсқасы бар. Ал тарихы тереңнен тамыр тартады.
Елена Тё, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:
- Корей мәдениеті күні елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде тойланады. Бұл екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтатын бастама. Фестиваль аясында шетелден келген қонақтар қазақ елінің мәдениетімен де танысып жатыр.
Фестиваль қазақ, корей және орыс тілдерінде өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар екі ел арасындағы рухани байланысты арттырады. Келесі жылы корей халқының елімізге қоныс аударғанына 90 жыл толады. Қазір Қазақстанда 120 мыңнан астам корей этносының өкілі тұрады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов