Жаңа Конституция: шығармашылық еркіндік пен волонтерлікке жаңа серпін

Фото: Ақорда

Бүгін 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформа адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, қоғамдық келісімді нығайтуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды «24KZ».

Жаңартылған Ата заңда мәдениет пен тарихи мұраны қорғау, сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік, отбасы институтын қолдау, ар-ождан бостандығы, волонтерлік және қайырымдылық қызметті дамытуға қатысты маңызды нормалар қамтылған. Бұл өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына және құқықтық мәдениеттің нығаюына ықпал етеді.

Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Бұл музей, театр, кітапхана, архив, кинематография және концерттік ұйымдардың қызметін дамытуға, сондай-ақ шығармашылық қауымдастықты қолдауға құқықтық негіз қалыптастырады.

Архив, кітапхана және кітап ісі салалары үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Мұрағат құжаттарын сақтау, кітап оқу мәдениетін дамыту, қорларды цифрландыру және ұлттық әдебиетті кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар конституциялық тұрғыдан қолдау табады.

Жаңартылған Конституция әркімнің ана тілін, төл мәдениетін пайдалануға, тәрбие, білім алу және шығармашылық тілін еркін таңдауға кепілдік береді. Бұл Қазақстандағы этносаралық келісімді нығайтып, мәдени әралуандылықты сақтауға және ортақ азаматтық бірегейлікті дамытуға қызмет етеді.

Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікке қатысты кепілдіктер де кеңейтілді. Конституцияда ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне, ақпаратты заңда белгіленген тәртіппен еркін алу және тарату құқығына кепілдік берілген. Сонымен қатар цензураға тыйым салынып, зияткерлік меншік құқығын қорғау конституциялық деңгейде бекітілді.

Бұл өзгерістер бұқаралық ақпарат құралдарының, авторлар мен шығармашылық индустрия өкілдерінің қызметіне жаңа серпін береді. Бүгінде цифрлық платформалар мен жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы жағдайында сапалы әрі тексерілген ақпараттың маңызы артып келеді. Осы тұрғыда кәсіби журналистиканың қоғамдағы рөлі бұрынғыдан да күшейе түседі.

Конституциялық өзгерістер креативті индустрияның дамуына да оң әсер етеді. Кино, музыка, театр, медиа, цифрлық контент, дизайн, ойын индустриясы және ұлттық қолөнер салалары шығармашылық кәсіпкерлікті дамыту мен отандық контентті қолдаудың жаңа құқықтық негізіне ие болады.

Отбасы институтын нығайтуға бағытталған нормалар да жаңартылды. Конституцияға сәйкес неке – ер мен әйелдің заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткен, ерікті әрі тең құқықты одағы. Сонымен қатар отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.

Дін саласында мемлекеттің зайырлы сипаты, заң алдында бәрінің теңдігі және ар-ождан бостандығы қағидаттары сақталады. Сондай-ақ конфессияаралық келісім қоғамдық тұрақтылықтың маңызды құндылығы ретінде айқындалған.

Жаңа Конституция волонтерлік пен қайырымдылық қызметті қолдауға да ерекше мән береді. Бұл азаматтық бастамалардың кеңеюіне, қоғамдық белсенділіктің артуына және қайырымдылық мәдениетінің дамуына жол ашады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Конституцияның жаңартылған нормалары мәдениет, ақпарат, архив, кітапхана, кітап ісі, дін салалары мен азаматтық қоғам институттарының дамуына құқықтық негіз қалыптастырып, шығармашылық еркіндік пен қоғамдық белсенділіктің одан әрі нығаюына ықпал етеді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз