«Менің атым Қожа» көш бастап тұр: балалардың сүйікті кітаптары аталды

Фото: depositphotos.com

Еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапханалардағы кітап қоры 7 миллионнан асты. Жыл соңына дейін қор тағы 42 мың жаңа кітаппен толықтырылады, деп хабарлайды «24KZ».

Қазақстанда балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір ел бойынша балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсететін 300-ден астам кітапхана жұмыс істейді. Олардың тұрақты оқырмандарының саны 1,7 миллионнан асады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бүгінде кітапханалар қорында 7 миллионнан астам кітап жинақталған. Сонымен қатар 2026 жылы қорды балалар мен жасөспірімдерге арналған 42 мың жаңа кітаппен толықтыру жоспарланып отыр. Бұл жас оқырмандардың қазіргі заманғы және классикалық әдебиеттерге қолжетімділігін кеңейтеді.

Кітапханалардағы сұраныс балалар әдебиетіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Жас оқырмандар ең көп оқитын шығармалардың қатарында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» мен «Балалық шаққа саяхат», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала», сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармалары бар.

Балалар әдебиетіне сұраныс кітап дүкендерінде де жоғары. Жыл басынан бері елімізде 200 мыңнан астам балалар кітабы сатылған.

Мамандар  кітап оқу баланың ой-өрісін кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамытып, ұлттық және әлем әдебиетіне қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз